Шымкент: Қарулы қақтығыстан 23 жастағы азамат жарақат алды

17

2022 жылдың 25-қыркүйегінде, таңғы сағат 7:00-де Еңбекші АПБ-ның «102» арнасына Түркістан облысындағы ауруханалардың біріне 23 жастағы ер азаматтың атыс қаруынан жарақат алып жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігімен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі бойынша тіркеуге алынды.
Полиция қызметкерлері аталған хабарламаны алған бойда, күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті.
Нәтижесінде, Шымкент қаласының 23 жастағы тұрғыны анықталып, қала аумағында қолға түсті.
Тергеу барысында белгілі болғандай, қыркүйектің 24-нен 25-не қараған түні күдікті қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің алдында екеуара ерегістің соңында анықталмаған қарудан қарсыласына оқ атқан. Салдарынан жәбірленуші асқазан аумағынан жарақат алып, ауруханаға түскен. Жауап алу кезінде күдікті қаруды қайда жасырғандығын көрсетіп, аталған мекенжайдан айғақты зат ретінде 1 дана «Макаров» тапаншасы мен 3 дана оқ тәркіленіп алынды. Алынған заттай дәлелдемелерге тиісті сараптамалар тағайындалды.
Ұсталған азаматтың осыған дейін де ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) және 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша екі рет сотты болғандығы анықталды.
Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда.