Шымкент: Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

69

Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекенінде бұған дейін тұрғындар тарапынан бірнеше проблема көтерілген болатын. Таза ауыз су, жарық, табиғи газбен толық қамтамасыз етілу шағынаудан тұрғындарының арманы болатын. Одан бөлек, көшелерді жарықтандыруды да тұрғындардың басты өтініші болатын. Бүгінде елдімекенде инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасын тауып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Осылайша Шымкентте билік тарапынан бұқараның тілін тапқан тірлік атқарылуда. Жалпы, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жергілікті билік қарапайым жұрттың жанайқайын тыңдап, мәселенің көп ұзамай шешілуін басты назарда ұстап отыр.

Былтыр Көкбұлақ елді мекенінде толық оптика желісі тартылып, интернетпен қамтылған. Осыған орай, бүгінде тұрғын алапта желі істемей тұр деген мәселе жоқ. Сондай-ақ, өткен жылы тұрғындар ауыз су мен жарыққа 100 пайыз қол жеткізді. Ал табиғи газбен осы жылдың ІІІ тоқсанында қамтылатын болады, құрылыстың 90 пайызы атқарылған. Бұл да болса біткен істің бірі болайын деп тұр.

Көкбұлақ елді мекенінде 2 390 тұрғын бар. Инфрақұрылыммен толық қамтылудан бөлек, мұндағы тағы бір мәселе — жолды асфальттау болатын.

Тұрғын алаптағы Ағыбек ата, Үркінбай ата, Жомарт ата көшелеріне асфальт төсеу келер жылдың еншісіне қалып отыр. Ал 2024 жылы Маңлай ата мен Жангелді батыр көшелері асфальтталатын болады.

Қазіргі таңда 9 көшенің бесеуіне тас төселсе, төртеуі асфальтталды. Жалпы былтыр 6 шақырымға шағал тас төселген. Осылайша тұрғындар шаң басқан көшелерден арылды. Қыста лай батпақтан, жазда аспанға шаңы атып жататын кез келмеске кетті.

Қоғамдық көлік мәселесі шешілген, №146 және №180 маршруттары қойылған. Бұдан бөлек, былтыр 2, биыл 1 балалар алаңшасы пайдалануға берілді. Тұрғындардың өтініші бойынша осы жылы 800 м Есбол қажы көшесі жарықтандырылды. Кешкі уақытта самаладай жарық мектептен қайтқан оқушыларға жақсы боп қалды.