Шымкентте 2025 жылға дейін 32 мектеп салынады

58

Шымкентте «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 32 мектеп салынады. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету әрі білім алуға жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Соңғы екі жылда мегаполисте жеке инвесторлар тарапынан жан басына қаржыландыру есебінен 50 мектеп салынды. Яғни, білім ордалары 21 300 орынмен толықты (2021ж-21, 2022ж-29 мектеп). Алдағы уақытта тағы да 25 мектеп салуға ұсыныс берілген. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал, сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі 2025 жылы шешіледі деп жоспарланып отыр.

Жалпы, қазір Шымкентте жаңа білім ордасынан бөлек, мектептерге қосымша корпустар да салынып жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов №45 мектеп-гимназиясы жанындағы қосымша ғимарат құрылысының барысын тексерді. Нысан Шәмші Қалдаяқов көшесінің бойындағы білім ошағының жанынан салынып жатыр. Жалпы ауданы 1,2909 га жерді қамтиды.

Оқу ордасының қосымша корпусында жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. Сыйымдылығы 300 адам. 25 оқушы отыратын 12 сынып бар.

Нысан құрылысы осы жылдың көктем айында басталған. Жауаптылардың сөзінше, құрылыс толығымен келесі жылдың тамыз айында аяқталып, 2023-2024 жылы оқу жылында пайдалануға беріледі.

«Бірінші орында құрылыс сапасы» деген қала басшысы жауаптыларға жұмысты тиянақты атқаруды тапсырды. Әрі тиісті сала басшылары құрылыс қарқынын бақылап отыру қажет екені айтты.

Айта кетейік, алдағы үш жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 504 мектеп салу жоспарланған. Олардың құрылысына 2,6 млрд теңге бөлінуі мүмкін.  «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет» жобасында жазылған еді. Мектеп құрылысына бағытталатын қаржының 500 млн теңгесі келесі жылы бөленеді. Ал қалған 2 млрд теңгеден астам қаражат 2025 жылға дейін берілмек.