Шымкентте «Дос-Мұқасан» фильмінің премьерасы өтті

135

«Дос-Мұқасан» ансамблі қалай құрылды? Шымкентте аңызға айналған тұлғалар тағдыры таспаланған фильмнің премьерасы өтті. Туындының желісі өнер иелерінің шынайы өмір жолынан алынған. Сондықтан актерлік құрамды таңдау да оңайға түспеген көрінеді. 

Әйгілі «Дос-Мұқасан» вокалды-инструменталды ансамблінің құрылғанына биыл 55 жыл. Осыған орай түсірілген толық метражды деректі фильм қалың көрерменге жол тартқан еді. Жұрт аузында жүрген туындының Шымкент қаласында да ресми ашылуы өтті.

Айдын Самахан, режиссер: «Ең бастысы Досым Сулеев пен Мұрат ағаның көзі тірісінде түсірілгеніне өте қуаныштымыз. Бізге Досым аға сценарийге көмектесті. Ал Мұрат аға музыкалық жағынан кеңестерін берді. Сөйтіп барлық нюанстарды айтып берді».

Фильм аңызға айналған ұжымның музыка әлемінде қалай дамығанын көрсететін шынайы оқиғаға негізделген. Сондықтан да ансамбль құрамына ұқсас актерлерді табу үшін жарты жылға жуық уақыт кеткен. Ал Камит Санбаевтың ролін сомдаған Елдос Шайкенов осы образ үшін 11 келі салмақ тастағанын айтады.

Елдос Шайкенов, актер: «Бұл жобада 90 пайызы шынайы өмірден алынған. Мен кастингтен өту үшін 11 келі салмақ тастадым. Барлық актерлерге сондай талап болды. Өйткені ол кезде, өздеріңізде білесіздер, адамдар арық әрі жақ сүйектері шығыңқы болды. Оның үстіне студенттік кезін сомдадық. Екі ай бойы дайындықта жүрдім».

Деректі фильмді түсіруге 2018 жылы жарық көрген «Богемалық рапсодия» түрткі болыпты. Содан қазақ музыкасында өшпес орны бар ансамбль жайында мұрағат ақтарып, Досым Сүлеев пен Мұрат Құсайыновтың айтуымен сценарий жазылған. Ал тарихи туынды Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан.

Айгүл Байбек, бас продюсер: «Ең бірінші қазақ фольклорын енгізген осы Дос-Мұқасындықтар. Сондықтан біздің барлығымызға бұл фильді түсіру жауапкершілік үстеді. Дос-Мұқасынның өмірін сценаристер, режиссерлер бәріміз зерттедік, кітаптарын оқыдық, туыстарымен кездестік, сондықтан үлкен ауқымды дүние жасалды».

Фильм түсіруге Алматы мен Шығыс Қазақстан өңірінен тарихи локациялар таңдалып алынған. Туындыға дәл Кеңес кезінің бояуын беру үшін мамандар жарты жылдан аса уақыт еңбектенген екен. Айта кетейік, түсірілімге кеткен қаражат көлемі 425 млн. теңгені құрайды.