Шымкентте алғаш рет «Құқықтық сауаттылық, өмірлік маңызды дағдылар және спорттық сайыстар» пилоттық жобасы ұйымдастырылды. Шара мақсаты шалғай елді-мекендердегі жастарды дене шынықтыру және спортқа тарту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру. Мемлекет басшысының бұқаралаық спортты дамыту туралы берген тапсырмасына сай өткізілді. 1 тамызда басталған жоба аясында арнайы тренингтер ұйымдастырылған. Ал бағдарлама соңы оқушылар арасында спорттық сайыспен түйінделді.
«Құқықтық сауаттылық, өмірлік маңызды дағдылар және спорттық сайыстар» жобасы аясында өткен спорттық жарыс өз мәресіне жетті. Сайыста қыздар арасында үстел теннисінен Тоғыс елдімекенінің тұрғыны Құралай Тұрсынбек 1 орынды жеңіп алды. Ол бұл жеңісі 4 жылдық тынымсыз дайындығының жемісі екенін айтады.
Құралай Тұрсынбек, спортшы: «4 сыныптан бері спортпен айналысып келемін. Жарыста 8 командамен ойнадым, қарсыластарым мықты болды, бірақ өз біліктілігімді көрсетіп, жеңіп шықтым. Сайысте тартысты өтті».
Сайыста барлығы 16 команда бақ сынап, 9 елді мекен спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Олар: Жұлдыз, Асар, Маятас, Тоғыс, Асар-1,Асар-2, Көкбұлақ, Қарабастау, Қайнарбұлақ ауылдары. Ал үстел теннисінен жаттықтырушы Нұрлан Оразбаевтың сайысқа бірнеше шәкірті қатысқан. Соның ішінде 2 спортшы 1 және 3 орынды иемденіп, үмітін ақтапты.
Нұрлан Оразбаев, жаттықтырушы: «Осындай жарыстарды жиі ұйымдастырып тұрған дұрыс. Ол жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Менің командамнан 2 оқушым жеңіске жетті. Қазір марапатымызды алып, қуанып отырмын».
Жарыс волейбол, үстел теннисі, кіші футбол, шахмат сынды спорттың 4 түрінен ұйымдастырылды. Екі аптаға созылған спорттық жарысты қорытылдылау кешінде Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы арнайы келіп, жеңімпаздарды марапаттады.
Мұратжан Шотанов, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы: «Бұл жарыс алғаш рет ұйымдастылыды. Өздеріңізге белгілі бұл жарыс 1 тамызда басталған еді. Енді міне қорытындысын өткізіп жатырмыз. Сайысқа 16 елді мекен қатысты. Соның ішінде жеңімпаз атанғандарды шын жүректен құттықтаймын».
Сайыс нәтижесінде жеңімпаздарға 100, 50 және 25 мың көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Ал барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан белсене қатысқаны үшін алғыс хаттар берілді.