Шымкентте «Көк тудың желбірегені» патриоттар форумы өтті

29

Үшінші мегаполисте Республика күні мерекесіне орай «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті.

Қазан айының басында бастау алған патриоттық іс-шараға қатысушылар 3 түрлі номинация бойынша сайысқа түсті. Ұйымдастырушылар 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өтетін форумға қатысуға ниет білдіргендер саны артқанынын айтады.

Фотограф, фотожурналист Самат Мырзалиев Шымкентте өткен патриоттар форумына «Үздік ролик» номинациясы бойынша қатысты. 2 ұл, 2 қыздың әкесі патриотизм – отбасынан басталады дейді. Сол себепті де бұл додадаға ұлдарын да қатыстыруды жөн көріпті. «Мақсатым – балаларымның бойына отанға деген сүйіспеншілікті ұялату», деген ол, жарыс жеңімпазы боларын мүлдем күтпегенін айтады.

Самат Мырзалиев, «Үздік ролик» номинациясының жеңімпазы: «Үздік роликте  отбасымызбен түстік. Патриотизм отбасынан басталады. Бірінші кезекте ата-ана патриоттық тәрбиені береді деп ойлаймын. Одан кейін мектеп, өмірде қалыптаса береді. Жеңіске жетеміз деп күткен жоқпыз. Әрине, біздің мақсатымыз қатысу болды. Балаларды патриоттық сезімге бөлегім келді. Оларды жалаумен суретке, видеоға түсірдім. Сонымен осындай ролик шығардық».

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Шымкент қаласы бойынша филиалында оператор болып жұмыс істейтін Нұрлан Нұрбеков те «Үздік ролик» номинациясы бойынша бағын сынады. Ол – айтулы форумның өтетінін естіген соң, жастардың бойына патриоттық сезімді ұялатуды мақсат тұтып, осы додаға қатысамын деп ұйғарыпты. Үздіктердің сайысында 2 орынды иеленген Нұрлан Нұрбековтың бейнеролигі төтенше жағдайларда туды алып шыққан бозбалалардың ерлігіне арналған.

Нұрлан Нұрбеков, «Үздік ролик» номинациясының ІІ орын иегері: «Байқауды естіген соң, өзімізде эфирден өткен материалдарды еске түсіре отырып, ролик жасадық. Қажымұқан стадионында болған оқиғаға байланысты, одан Сайрам ауданында болған жағдайда жігіттер туларымызды жерде қалмасын, болмаса жанып кетпесін деген оймен алып шыққаны туралы көрсетіп, осы жастарға патриотизм сезімі болсын деген ойда осындай бейнеролик жасалды».

Мемлекет басшысы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін патриоттық рухтағы осындай шаралардың берері мол екенін айтқан болатын.

«Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алғашында тумен суретке түсу челленджінен бастау алған іс-шараның деңгейі жыл сайын жоғарылап келеді. Биыл форумға тек үшінші мегаполис тұрғындары ғана емес, Түркістан, Жамбыл, Атырау облыстарынан да азаматтар қатысуға ниет білдірді дейді ұйымдастырушылар.

 

Ұйымдастырушылар биылғы форумға қатысуға үміткерлердің өте көп болғанын айтады. Ал салтанатты марапаттау рәсімінде «Үздік пост», «Үздік ролик» және «Үздік іс-шара» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Байқау үздіктері мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар тарту етілді.