Шымкентте көпбейінді аурухананың құрылысы басталды

22

Шымкентте республика бойынша баламасы жоқ ірі аурухананың құрылысы басталды. Құрамында клиникалық диагностикалық орталығы қарастырылған 800 орындық көпбейінді университеттік емдеу мекемесінің құрылысы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады.

Маңызды бастаманы қолға алу сәтіне қатысқан жұртшылық, халқының саны жылдан жылға өсіп келе жатқан мегаполис үшін бұл медициналық мекеме өте қажет деп атап өтті.

Шымкент қаласында ауысымына 700 келушіге қызмет көрсете алатын клиникалық диагностикалық орталығы бар 800 орындық көпбейінді университеттік аурухана құрылысы басталды. Инвестициялық жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске қосылады. Нәтижесінде, 2500 маманға жұмыс орны құрылатын болады. Бүгінде қытайлық компаниямен келісімшарт жасалып, жергілікті бюджет есебінен жабдықтау инфрақұрылымының құрылысы басталды.

Төрт блокта ана мен балаға арналған орталықтар, хирургия, терапия, клиникалық диагностикалық орталық және жедел жәрдем бөлімі орналасады. Ядролық медицина дамиды. Клиникалық диагностикалық орталықта Siemens, Philips Healtheure  сияқты әлемдік өндірушілердің медициналық жабдықтарымен қамтылған операциялық бөлмелер орналасады.

Сонымен қатар, медициналық желілік үдеткіш, циклотрон, КТ, позитронды эмиссиялық компьютерлік томография, сондай-ақ бейнекамералар, операциялық жүйелер, деректерді цифрлық өңдеуге арналған құрылғылар, зертханалық жабдықтар да осы орталықтан өз орнын табады.

Осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының негізін қалаушы Серікжан Сейітжанов қырық жылдық тарихы бар оқу орнын дамыту жобасын дайындаған болатын. Айта кетейік, 1979 жылы құрылған Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент филиалы, бүгінде дербес, еңселі жоғары оқу орнына айналған.

Президент Қ.Тоқаевтың қыркүйекте жарияланған «Әділ мемлекет. Біріккен ұлт. Өркендеген қоғам» жолдауын барша қазақстандықтар қолдап отыр. Өйткені, мемлекет басшысы басты құжатта медицина саласы туралы сөз қозғап, медициналық жоғары оқу орындарында көпсалалы университеттік ауруханалар мен емханалар құрылатынын атап өткен болатын.