Шымкентте медиация институтын дамыту мәселесі қаралды

51

Сенат депутаттары Шымкенттегі сот жүйесі мен медиациялық институттың даму қарқынымен танысты. Екі күнге созылған іссапар барысында халық қалаулылары, азаматтық құқық қорғау мен істі сотқа жеткізбей шешу жолдарын талқылады. Сенатормен кездесу барысында қалалық медиаторлар бірқатар мәселелерді ортаға салып, мемлекет тарапынан қолдау қажет екендігін жеткізді. 

Елімізде медиациялық институт қалыптасты. Олардың қоғамдық ортада атқарар қызметі орасан, сондықтан сенаторлар медиаторлармен кездесіп, атқарып жатқан жұмысын жіті тексеріп тұрады. Сенатор Ләззат Сүлеймен мониторинг нәтижесінде әлі де осы саланы дамыту қажет екендігін байқаған. Ол, бұл сала елдің ауызбіршілігін сақтауға негіз болатын бастапқы құрылым екенін айтады.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Медиация белсенді адамдардың күшімен әйтеуір дамып келе жатыр. Бір жерде белсенді, енді бірі қолдаушысын табады, бірақ мемлекеттен ешқандай қолдау болып жатқан жоқ.  Біріншіден осыған қолдау көрсетпекпіз. Проблема өте көп, біріншіден кәсіби мамандарды қолдауымыз керек. Сонда ғана бұл сала дамиды». 

Халық қалаулыларының сөзінше Қазақстанда сот жүйесін реформалау мәселесі көптен бері айтылып келеді. Себебі қарапайым халық судьялардан әділік таппаса, жемқорлық фактілері анықталса, бұл салаға деген сенім жоғалады. Сондықтан бұл салада нағыз ісіне жанашыр мамандарды жасақтау жұмысын жолға қою қажет.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Егер сот жүйесінде әділеттілік болмаса, әділетті Қазақстан жайында ауыз ашпай-ақ қояйық. Біз осы мәселені шешуді алға тартып жатырмыз. Егер адамдар құқық қорғау орындарынан әділет таппаса, Президенттің тапсырмасын қалай орындаймыз? Осы баяндамаларды тыңдау барысында реформа жасауға деген пікірлерді байқалдым».

Сенаторлар шымкенттік медиаторлармен кездесіп, олардың да арыз шағымын тыңдады. Медиатор Лаура Ақшегірованың айтуынша олардың атқарып жатқан ісі де оңай емес. Себебі олар еңбек инспекциясы мен полициядан келіп түркен арыз-шағымдарды қабылдап, оның медиациялық жолмен шешуге жататын түрлерін, сотқа жеткізбей екі тарапты келісімге келтіруге тырысады.

Лаура Ақшегірова, медиатор: «Медиацияның негізгі мақсаты — татуластыру. Соттағы істерді мейлінше азайту. Дегенмен сот барысындағы медиацияны медиаторлар жасамайды. Ол жақта судьялар айналысады. Бұл олардың жұмысына қосымша тірлік деп санаймыз. Арасында арнайы екі тарап өздері сұранып келетін кездер болады. бірақ арнайы маман шақыртылмайды».

Шымкент қаласына арнайы іссапармен келген сенаторлар делегациясы үшінші мегаполисте екі күн болып, сот ісіндегі маңызды мәселелерді тізбектеп, оларды шешу жолдарын қарастырады. Онан соң маңызды проблемалар үкімет деңгейінде талқыланады.

Мемлекет басшысы құқық саласын реформалау туралы тапсырма берген болатын. Сенаторлар өңірлерде аталған мәселелердің түйінін тарқату жолдарын талқылауда.