Шымкентте шығармашыл зиялы қауым өкілдері Ел Президентінің жолдауын талқылады

19

Шымкентте шығармашыл зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі жолдауын талқылау мен түсіндіру бойынша арнайы жиын өткізді. Қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада өткен кездесуде ел президентінің көтерген мәселелері талқыланып, оның ұтымды тұстары айтылды.

Шымкент қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Жолдауын талқылау және түсіндіру бойынша кездесу жиыны өтті. Мемлекет басышысы айтқан жаңалықтар ел еңсесін көтерді деген «Amanat» партиясы Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы расында халық көтеріп жүрген мәселелердің шешімі, жолдау аясында айқындалды дейді.

Әбдез Рахамнұлы, «Amanat» партиясы Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы: «Осы жолдау сол ата заңымыз қабылданғаннан кейін 2 айдан кейін болып отыр. Бірінші өзгерісті осы жолдаудан көрдім. Сосын мен елдің алдында айтамын, «сіздердің алдарыңызда менің жүзім жарқын». Мен сол кезде ата заңымызға енгізілген өзгерістің біреуін айтамын. Жер, табиғи ресурстар, жануарлар әлемі, бұл халықтыкы деп өзгерттік. Бұрын мемлекеттікі еді».

Нәтижесінде, бар байлық халыққа тиесілі болғандықтан, ұлттық қор табысының 50 пайызы әр туған нәрестенің есепшотына аударылып отырады. Бұл да ел аузында жүрген күрделі мәселелердің бірі еді. Жолдауды ұжым болып тамашаладық деген кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова да мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, бірге қуанып отырдық дейді.

Анар Жаппарқұлова, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры: «Жолдауды біз ұжым болып көрдік. Тікелей эфирден тыңдап отырып бізге қатты әсер етті. Расында, Президентіміз «Әділетті Қазақстан» құрамыз дегенде бәрі қол жетпес арман секілді көріп еді. Міне, кеше мемлекет басшысы мегаполиске келді. Соның өзі халыққа үлкен сенім береді».

Мемлекет басшысы қазақ халқына жолдаған жолдауында утильалым мен декреттік төлем мәселесінің де шешімін айқындап берді. Бұл халық тарапынан қызу талқыға түскен мәселе еді деген зиялы қауым өкілдері ел болашағының жарқын боларына сеніммен қараймыз дейді.