Шымкентте жақсы жолдар үлесі 2025 жылға дейін 79 пайызға өседі

33

«Жолымызға қашан асфальт төселеді?». Қызылжар елдімекенінің тұрғыны Нұржан есімді азамат қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай аудан тұрғындарымен кездесуінде осы мәселесіні көтерді. Бірнеше жылдан бері көшенің қашан асфальтталатынын біле алмай келеміз деген тұрғын әкімге нақты сауал жолдады.

«Біздің елдімекенде 23 көше бар. Әр жылы келіп, 2 көшені ғана істеп кетеді. Өздері қалаған көшені асфальттайды. Бір шетінен, реттеп істеп жатқан жоқ. Біздің көшемізге қашан асфальт төселеді? Қанша жыл күтуіміз қажет? Көшеміздің аты Ордакент»,-дейді Абай ауданының тұрғыны.

Қала басшысы Мұрат Әйтеновтің айтуынша, 2025 жылға дейін мегаполистегі барлық көшеге асфальт төселеді. Бірақ жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

«2025 жылға дейінгі даму жоспарында көшелерге асфальт төсеу қарастырылған. Ешкім өзі қалаған көшені ғана реттей алмайды. Барлығы жоспар бойынша, кезең-кезеңімен жасалып жатыр. Ордакент көшесіне жоспар бойынша 2023 жылы асфальт төселеді. Сәл ғана шыдасаңыздар болғаны»,-деді мегаполис әкімі.

Жалпы, келесі жылы жолдарды жөндеуден өткізуге де ерекше көңіл бөлінбек. Әсіресе шалғай елдімекендердегі көшелерді басты назарға аламыз дейді жауаптылар. Өйткені, қаладан алыс орналасқан аймақтарда халық өсімі жоғары. Ал Мемлекет басшысының тұжырымдамасына сай, тұрғындарға жайлы жағдай жасау ең басты басты принцип.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Көлік кептелісін азайтып, жолдардың сапасын жақсарту мақсатында үстіміздегі жылы 180 нысан немесе 351 шақырым жолдарда құрылыс жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар мегаполисте 2 жолайырық салынып жатыр. Жалпы 2025 жылға дейін 3 жолайрық, 2 транзит айналма жол, А2 автомобиль жолын қайта құру және Д. Қонаев даңғылын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Алдағы жылы ішкі орамдағы көшелерді асфальттауға негізгі күшті бағыттаймыз».

Нәтижесінде Шымкенттегі жақсы және қанағаттарлық жолдардың үлесі 2022 жылы 67,4 пайыз болса, 2025 жылы 79 пайызға өседі деп жоспарланып отыр.