Солтүстік саяжай тұрғындары министрден көмек сұрады

94

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Шымкентке іс сапармен келді. Басты мақсат – жергілікті кәсіпкерлердің жұмысымен танысып, халықпен тілдесу. Алдымен министр Солтүстік саяжай шағынауданындағы инфрақұрылым жүйесінің құрылыс жұмысымен танысты. Тұрғындар көптен бері шешімін таппай келе жатқан көгілдір отынның мәселесін шенеуніктің назарына ұсынды.

Мегаполиске іс сапармен келген ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров алдымен Солтүстік Саяжай шағынауданындағы инфрақұрылым жүйесінің құрылысымен танысты. Мұнда 4418 электр бағаналары және 22 трансформатор орнатылған.

Сондай-ақ, электр тарату станциясы да іске қосылған. Бүгінде 530-ға жуық абонент сапалы жарыққа қол жеткізген. Ал өткен жылы шағынаудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылыпты. Тұрғындар министрмен кездесу барысында электр жарығының тарифі қанша болатынын сұрады. Сондай-ақ, жыр болған көгілдір отынның мәселесін шешіп беруді өтінді. Қыста пеш жағуға лайықталмаған үйлердің бар екенін айтқан тұрғындар, газ тарту жұмысының құрылысы екі айға тоқтап қалғанын да жеткізді.

Қыдыркүл Аманова, Солтүстік саяжай шағын ауданының тұрғыны: «Біздің өтінішіміз адамзаттан асқан құндылық жоқ. Оның денсаулығы маңызды. Бізге жылу жүйесі, газ керек. Бізге бөлінген қаражатты, біз әкімдік өкілдерімен кездесіп жатырмыз, осы жерде біз осында отырып қиналып жатырмыз. Бізде пеш жағуға болмайтын үй де бар ыңғайланбаған оған. Сол үшін былтыр мұздай бөлмеде отыруға тура келді. Мұнда 70-тен астам адамның қолы бар мына жерде соның қолын жинап әкелдім. Бұл әкімге жазған арызымыз».

Боранбай Болатбеков, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Бұл мәселені білеміз. 2022 жылы құрылысы басталып, 2023 жылға 2,5 млрд. теңге құрылысы. Сол қаражат 2022 жылы 1,3 млрд. қолдады. Енді келесі қаражат 1,2 млрд. теңге келесі жылға қаралуда. Бірақ біз енді тұрғындардың сұранымына сәйкес құрылысы жүрген жерге біз биыл газды қосамыз дедік».

Ал құрылыстың уақытша тоқтауына мердігер компаниямен арадағы сот процесі себеп болған. Дегенмен бүгінде құрылыс қайта жанданған. Енді 40 пайызға жуық газ құбыры тартылған тұрғындарға биыл көгілдір отын беріледі.

Министр Әлібек Қуантыров инфрақұрылым жүйесіне республикалық бюджеттен қаржы бөлінгендіктен, оның тиімді жұмсалуы бақылауға алынатынын айтты. Кездесу барысында халық кәсіпкерлікпен айналысудың жолдарын да сұрады. Бұл бағытта республикалық деңгейде жаңа жобалар іске асып жатыр дейді министр. Сондай-ақ, ол шаһардағы іс сапары барысындағы жоспарымен бөлісті.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі: «Біріншіден халықпен кездесу, содан соң индустриалды және өзгеде нысандарды қарау. Себебі республикалық бюджеттен ірі қаражат бөлінуде. Оның тиімділігін қарап, қандай қажеттілік бар. Оның бәрін қарастыру керек. Содан кейін халықпен кездесу проблема ұсынысы бар барлығын қарастырамыз. Шұғыл мәселені жылдам шешуіміз мүмкін».

Шағынауданда инфрақұрылым мәселесі шешілген соң, жол жөндеу жұмысы қолға алынады. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Руханият көшесі жарықтандырылады деп көзделуде. Айта кетейік, бүгінде Солтүстік саяжай шағынауданында 6 мыңға жуық тұрғын қоныстанған.

Азиза Өтеулиева