Түркістандық полицейлер ерекше форум өткізді. Бұл жай ғана спикерлердің басқосуы емес, жиында қоғам белсенділері Түркістанның Қазақстандағы орны мен ұлтжандылыққа қосқан үлесін сөз етті. Ал ұйымдастырушылар, жастардың туған жеріне деген салғырт көзқарасы неге алып келетінін көрсетіп берді.
Түркістан ежелден-ақ Қазақстанның рухани астанасы болып саналды. Сондықтан барлық сарапшылар Түркістан бар қазаққа үлгі болуы керек деп санайды. Тіпті Президент те қаланың идеологиядағы орнын атап өтті. Ал күнгей өңірлік полицейлер ұлтжандылық пен ұлттық көзқарасымызды жастарға ерекше жолмен жеткізуді жөн көрді.
Түркістанда өткен форумға көрнекті өнер қайраткерлері, спортшылар, журналистер мен басқа да қоғам белсенділері қатысты. Мақсат – бір. Жастарға Отанға деген сүйіспеншіліктің не екенін жеткізу.
Олжас Сүлейменов, жеке кәсіпкер: «Ә. Бөкейханов бабамыз айтқан екен. «Ел болу үшін 3 нәрсе керек. Әділдік үшін күресетін — әділ би. Яғни елге қызмет етіп жатқан азаматтар. Екінші мұқтажымен бөлісетін жомарт бай. Үшіншісі біздің тәртіп сақшыларымыз. Қазір шүкір бәрі бар. Бірақ жастар, жастар елдің болашағы деп жүріп қарттарымыз ұмыт қалып барады. Ал бізге тәрбие керген сол ауылдың қариялары. Сондықтан үлкендерді сыйлаудан бастасақ. Түркістан тәрбиенің мекені атанары хақ».
Бауыржан Жанаев, Түркістан қаласы ПД басшысы: «Түркістанда 500 аса тәртіп сақшысы жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз қылмыстарды болдырмай, елдің тыныштығын сақтау».
Тәртіп сақшылары жайында қоғамда түрлі қөзқарас қалыптасқан. Бірі оларға дән риза болып мақтаса, енді біреулер үлкен реформа қажет деп есептейді. Айтқандай, қайта құру бұған дейін де талай рет жүргізілген еді. Нәтижесі жоқ деп айтуға келмейді. Себебі мамандардың сөзінше соңғы жылдары Түркістанда аты шулы қылмыстардың саны азайды
Нұрділдә Ораз, журналист, заңгер: «Ниетімізді түзеуіміз керек. Түркістан бәріне бас болу керек. Кеше қана Президент үлкен статус берді. Рухани астана атағын берді. Біз сонау Астанада жүріп, Түркістаннан үлгі алуымыз тиіс. Себебі Түркістан құт қонған киелі мекен. Түркістан үлгі болып қылмыс азайса, басқа жақта да азаяды».
Өркен Кенжебек, медиа сарапшы: «Жақсы әдет Түркістаннан басталу керек. Ал жаман әдетке Түркістанда нүкте қойылуы керек».
Көпшілік Түркістан өзінің қадір-қасиетін сақтап, Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге үлгі болатынына сенеді.