Елде тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр. Биылдың өзінде полицияға 100 мыңнан астам қоңыру түскен. Олардың көбі үш мегаполис әрі Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарынан.
Бірақ, қылмыс жасағандардың жартысынан көбі жазасыз қалып жатыр. Себебі, жәбірленушілердің көбі арызданудан бас тартады. Көбінде ішімдік ішкендер жанжал шығарады. Бірақ, оларды оқшаулау мәселесі бізде әлі шешілмеген. Кемі 30 медициналық айықтырғыш мекемесі жетпейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты. Ал отбасылық-тұрмыстық салада биыл 660-тан аса қылмыс жасалған. Сондықтан, Премьер-министр Әлихан Смайылов, денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеуге жіберу мәселесін жеңілдетуді жүктеді.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:»Тек зорлық-зомбылық құрбандарымен ғана емес, құқық бұзушылармен де қайта оңалту жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған байланысты сізден Денсаулық сақтау министрлігіне психотүзету курстарын қолдану алгоритімін әзірлеп, тиісті маман дайындау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсыруды сұраймыз».