Үйі өртенген Еңбек ардагері халықтан көмек сұрайды

78

Үйі өртенген Еңбек ардагері халықтан көмек сұрайды. Өз қолымен тұрғызған баспанасынан айырылған 89 жастағы Оразкүл Әбдурахманова қызыл жалыннан әзер дегенде аман қалған. Қазір ол бір бөлмелі қосалқы үйді паналап жүр. 10 қазанда орын алған өрттің себептері анықталып жатыр. Үйдің құжаты мен бар дүние мүлкінен айырылған ақ жаулықты әже бүгінде жаны жомарт жандардың көмегіне мұқтаж.

Апат айтып келмейді. Еңбек ардагері Оразкүл Әбдурахманова өз қолымен тұрғызған баспанасы көз алдында күлге айналғанын айтады. 10 қазанда болған оқыс оқиға кезінде 89 жастағы әже үйде болған. Абырой болғанда қарияны күйеу баласы мен көршілері сыртқа шығарып үлгерген. Бар дүниесі бір сәтте күлге айналған зейнеткер қазір бір бөлмелі үйді жалғыз қызы және күйеу баласымен бірге паналауда. Өрт болған күнді әжей көзіне жас алып, үреймен еске алады.

Оразкүл Әбдурахманова, Еңбек ардагері, зейнеткер: «Біруақытта жалаңаш мені сүйреп далаға шығарып жатыр. Аяғымда да ештеңе жоқ. Қарасам лапылдап жатыр. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Мына жаққа мені алып кетті. Киім кешек те ештеңе қалмады. Өзім қалдым. Мыналарды көршілерім алып келіп берді».

Мәдинәлі Өткірбаев 1 топтағы мүгедек. Оразкүл апаны қызыл жалыннан шығарған дәл осы күйеубаласы. Сөзінше, қазір көршілер егде жастағы азаматтарға киім-кешек пен бірқатар жиһазында уақытша қолдануға берген. Ал қазір паналап отырған бір бөлмелі үйде көгілдір отын тартылмағандықтан, мүмкіндігі шектеулі қарттар үшін қыста пеш жағу қиынға соғады дейді ол. Мәдинәлі атаның ендігі арманы баспананы қайта тұрғызу. Алайда қысқа жіп күрмеуге келмейді. Зейнеттегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы дәрі-дәрмектен артылмайды екен. Сондықтан олардың бар үміті жаны жомарт жандарда.

Мәдинәлі Өткірбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «ТЖД жазып бермесе ол тек жер сілкінісі су тасқыны кезінде жазылып береді. Ал мынандай өрт кезінде жазып бермейді екен. Сөйтіп шығарып салды мені. Сенетініміз өзіміздің халқымыз. Айнала қолдан келгенше киім әкеп берді. Қазақстанның азаматтарынан сұраймыз. Қолдан келгенше жәрдем берсе, материалмен болсада үйді салып бергенге бірінші кезекте».

Мәдинәлі ата Әл -Фараби ауданының әкімдігінен де көмек сұраған. Шенеуніктер демеушілерді іздеп жатқанын айтады. Ал халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы егер төтенше жағдай департаментінің қорытындысы мен өзгеде құжатты өткізсе арнайы комиссия құрылатынын айтады. Оның шешіміне сәйкес баспанасы өртенген азаматқа бір реттік әлеуметтік көмек қаралған екен.

Ұлдана Бекбау, Шымкент қаласы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау» басқармасының бас маманы: «Өрт болған жағдайда бізде Шымкент қаласының мәслихатының шешіміне сәйкес 400 АЕК беріледі. Ол комиссияда қаралады. Ол бойынша құжат өткізеді. Ол комиссияда қаралады мақұлдаса 1 млн 275 мың тг берілді. Жыл басынан бері 4 отбасына берілді. Олардың барлығы өтініш тапсырған. Қорытынды бар. Комиссия оң шешімін берген».

Енді жалғыз баспанасынан айырылған қарт әжей басқармаға барып өтініш жазады. Десе де комиссия қандай қорытынды шығаратыны әзірге белгісіз. Сөзінше бір бөлмелі қосалқы үйге отбасының мүшелері сыймағандықтан немерелері туыстарының үйінде уақытша тұрып жатыр. Айта кетейік, Көксай -1, 373; Жастық көшесі №17 үйде тұрып жатқан қарияларға көмек қолын созамын деушілер
8 (778) 682-08-02 нөміріне хабарласа алады.

Азиза Өтеулиева