Парламент мәжілісі «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023–2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді.
Бұл ретте заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы баррелліне 2023 жылы 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары 42,2 – 40,3 доллар деңгейінде белгіленді.
«Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы 2,0 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды», — деді Қуантыров.
Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджеттік қағидаға сәйкес мұнайға кесімді бағаны ескере отырып айқындалды және болжам бойынша мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайды.
Министр жоспарлы кезеңде қағидаларды қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы 66,7 млрд долларға дейін қалпына келтіруге, одан әрі 2024–2025 жылдары 78,8–93,2 млрд долларға дейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, Ұлттық қордан тартылатын кепілдендірілген трансферттің көлеміне және орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынына жоғарғы шекті белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді.
Мәжіліс заң жобасын мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді.