«Үміт» мектебінің оқушылары үмітті ақтады

41

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім саласының форматын өзгертуге мүдделі екенін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін бірнеше маңызды тапсырма берді. Соның ішінде инклюзивті білім беру, ерекше күтімді қадет ететін балаларды спортқа баулу сынды міндеттер бар. Бүгінде Шымкент қаласында дәл осы бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Нәтижесі де жаман емес.

Жуырда «Жұлдызай-2022» Ұлттық инклюзивті спорттық ойындарында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған»Үміт» мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқушылары «Голбол» спорт түрінен 7 команданың ішінен І-орын иегері атанды. Жеңімпаздар кубокпен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалар арасында Республикалық «ЖҰЛДЫЗАЙ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Балалар жылы аясында өткізілген «Жұлдызай-2022» Ұлттық инклюзивті ойындардың республикалық кезеңі Алматы қаласында өтті.
Ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларды спортқа тарту, оларды әлеуметтендіру және ерекше қажеттіліктері мен даму мүмкіндіктері бар балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спорттық шеберлігін шыңдауға бағытталған бірегей спорт алаңын қалыптастыруды мақсат еткен «Жұлдызай» спартакиадасын өткізу жыл сайын дәстүрге айналып келеді.
«Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында және Алматы қаласының орталық стадионында спорттың 6 түрі бойынша өткен болатын. Онда «шағын футбол», «үстел теннисі», «жеңіл атлетика», «голбол», «бочча», «бес тас» және «асық ату» ұлттық ойындары қамтылады. Қатысушылар саны 310 баланеы құраған. «Жұлдызай» ойындары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «ҚР 2022 жылғы спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбелік жоспарына» енген. Ойын жеңімпаздарының халықаралық жарыстарға қатысып, спорттық разрядтар алуына мүмкіндік бар.
Биылдан бастап «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарына айналған «Жұлдызай» спартакиадасы еліміздегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысатын жалғыз кәсіби спорттық жарыстар болып табылады. «Жұлдызай» корпоративтік қоры көп жылдар бойы ерекше балалардың өмірін жақсартуға, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған шығармашылық, спорттық, медициналық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау, даму мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа тарту, оларды әлеуметтендіру және қоғамға интеграциялау, инклюзивті спортты дамыту үшін спорттық инфрақұрылымды құру және нығайту біздің жастар үшін инклюзивті ойындарды өткізудің негізгі мақсаттары болып табылады.