Экс-шенеунік Мұхтар Бұхарбаевтың жазасы жеңілдетілді

Шымкентте жергілікті полиция қызметінің экс-басшысы Мұхтар Бұхарбаевқа қатысты сот үкімі өзгертілді. Бұрынғы шенеунікке тағылған айып алаяқтық бабына өзгеріп, оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ, экс шенеунікке өмір бойы мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында жұмыс істеуіне тыйым салынып отыр. Бұл өзгеріспен жәбірленуші тарап түбегейлі келіспейді. Енді Азамат Айымбетовтың адвокаты жоғарғы сотқа арызданбақ.

Шымкент қаласы жергілікті полиция қызметінің бұрынғы басшысы Мұхтар Бұхарбаевқа қатысты сот үкімі өзгерді. Мамандардың пікірінше өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталған экс шенеуніктің ісі алғашқы сот отырысында дұрыс сараланбаған.

Аппеляциялық сот бір айға созылып, үкім 190 баптың 3 бөлігінің 2 тармағы, яғни алаяқтыққа өзгертілді. Осылайша экс шенеунікке 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, оған өмір бойы мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында жұмыс істеуіне тыйым салынып, полковник шенінен де айырылды.

Низамиддин Жамашов,Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа судьясы: «Соған байланысты оның әрекеті алаяқтық ретінде саралады. Яғни ақшасын алған деп алаяқтыққа саналады. Ол қарыз алып жатырмын деген. Әпере бер деп 3 млн. ақшасын алған. Соған орай әрекетін алаяқтыққа саралады. Ол жерде айыппұл жазасыда бар. Оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындадық».

Алайда бұл шешіммен айыпталушы және жәбірленуші тарапта келіспейтінін айтады.
Жәбірленуші Азамат Айымбетовтың адвокаты, енді жоғарғы сотқа арызданамыз деп отыр.

Талғат Есімов, адвокат: «Өздеріңіз білетіндей, Шымкент қалалық Әл Фараби аудандық сотының үкіміне сәйкес, Шымкент қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің экс-басшысы Мұхтар Бұхарбаев қызметін асыра пайдаланды және көптеген алым-салық жинады деп айыпты деп танылды. Біз бұл үкіммен келісіп, Азамат Айымбетовтың пайдасына моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы арызды да тастадық. Айыпталушы тарап сот үкімімен келіспей, қалалық сотқа арызданған. Белгісіз себептермен сот отырысын кейінге қалдырған фактілерде тіркелді. Бірде адвокат ауырып қалды десе, ендігіде жаңа адвокат аламыз деді. Тіпті жәбірленуші тараппен достасамыз деген де ақпарат болды. Алайда айыпталушы тараптан біздің алдымызға ешкім келген жоқ. Сот отырысында оның жазасы жеңілдетілді. Біз бұл шешімге түбегейлі қарсымыз. Енді жоғарғы сотқа арызданамыз».

Низамиддин Жамашов, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа судьясы: «Моральдық залал болса, материалдық 3 млн. алды. Материалдық шығын болған жерде моральдық шығын өндірілмейді ол заңда көрсетілген. Соған орай бірінші сатыдағы сот бас тартқан. Оны алқа өз күшінде қалдырды».

Азамат Айымбетов, желіде оның мұндай қомақты қаражатты қайдан алғаны туралы сұрақ жиі қойылатын көрінеді. Жәбірленушінің сөзінше оған кәсіпкер әкесі көмек көрсеткен.

Азамат Айымбетов, Шымкент қаласы Полиция департаментінің рота командирі: «Мен сот үкімімен келіспеймін. Яғни мен ешқандай лауазым сұрағаным жоқ. Командир ротасы болып заң аясында орналастым. Мен Бұхарбаевтан лауазымымды жоғарылату туралы ештеңе сұрамадым. Көбісі жазып жатыр, Азамат Айымбетов бұл ақшаны қайдан алып жатыр деп. Бұл менің әкемнің қаражаты. Менің әкем кәсіпкер, ол үнемі мені қолдап жүреді».

Экс – шенеунікке қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Қос тараптыңда өз қарсылығын білдіріп, жоғарғы сотқа арыздануға құқығы бар.

Азиза Өтеулиева