133 мамандық бойынша колледждердің лицензиясы жойылды

39

Жыл басынан бері 57 қазақстандық колледж 133 мамандық пен 164 біліктілік бойынша лицензияға қосымшаны қайтарды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, оқытуы сапа стандарттарына сай келмейтін, кадр даярлауға жағдай жасалмаған немесе нарықта сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша лицензиялардың күші жойылды.
«Оқу-ағарту министрлігі колледждердің профилі бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Білім алуға қажетті жағдай жасалмаған, құрал-жабдықтары, шеберханалары, мұғалімдері мен оқытушылары жоқ колледждерде мамандықтарды қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді оқу-ағарту министрлігі білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.
Көптеген колледж білім беру ұйымының бейініне сәйкес келмейтін мамандықтар бойынша лицензияларын қайтарды. Мысалы, педагогикалық колледжде заңгерлерді, ал экономикалық колледжде мұғалімдерді даярлауға лицензияның қосымшасы болған.
Сондай-ақ кейбір колледждер қажетті оқу құралдарынсыз маман дайындап келген.