Әдістемелік сағат өтті

84

Білімді ұстаз білімді шәкірт тәрбиелейді. Бүгінде білім саласына Мемлекет бсшысының тапсырмасы бойынша барынша көңіл бөлінуде. Оның ішінде мұғалімнің әлеуметтік жағдайына да баса назар аударылуда. Яғни, білім шырақшыларының жалақылары жыл сайын көбейіп, есесіне толтыратын қағаздарының саны қысқарып келеді.

Білім сапасын көтеру бағытында бүгінде мұғалімдердің біліктілігін шыңдау мақсатында түрлі іс-шаралар, шеберлік сағаттары, арнайы әдістемелік сабақтар ұйымдастырылуда. Мұндай тәжірибе алмасу сағаттарының оқушылардың тәрбиешілеріне берері көп. Түрлі бағыттағы жаңашыл үлгілерден хабардар болып, сабақ өткізудің тың тәсілдерін үйренеді.
Шымкент қаласы білім басқармасы Әдістемелік орталығының 2022 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың 15 қарашасында Ұлықбек атындағы №3 ЖОББМ базасында «Сабақты жоспарлау — білім алудың негізгі кепілі» тақырыбында әдістемелік сағат өтті.
Шараның мақсаты — ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілген нормативтік құжаттарымен таныстыру және білім сапасын көтеруде мұғалімдерге әдістемелік көмек ұсыну болып табылады.
Әдістемелік сағатқа №1-70 аралығындағы жалпы орта білім беретін мектептер мен жеке меншік мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдістемелік бірлестік жетекшілері түгел қатысты.
Іс-шара барысында пән әдіскері Г. Тәліпбаева оқыту бағдарламасы мен оқу құралдарының сапасын қамтамасыз ету, мұғалімнің әдістемелік шеберлігі, дұрыс ұйымдастыра білуі және осы мақсатта жүйелі жұмыс жүргізе білуі жайлы әдістемелік ұсынымдамалар берді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдістемелік бірлестік жетекшілері алдағы уақытта пәнді тиімді оқыту жолдарын қарастырып, әр сыныптың оқу мақсаттарын іске асыруда тапсырма құрастыруды жоспарлауға кәсіби бағыт алып, тарқасты.