Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев 5-ші сектор тұрғындарымен (Темір жол вокзалы аумағы, МЖК, ескі автовокзал аумағы) кездесті. Ең алдымен аудан әкімі аталған аумақта атқарылған жұмыстар бойынша қысқаша баяндап, бүгінде электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жеткендігін атап өтті.
«Биыл 5-ші секторда біршама тындырымды істер атқарылды. Атап айтқанда, аумаққа 6 балалар ойын алаңшасы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында орнатылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 3 көшеге асфальт салу жұмыстары сәтті аяқталды. Кәріз жүйесіне келсек, бүгінде Хлопзавод көшесін кәріз жүйесімен қамту жұмыстары толығымен аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді»,-деді аудан әкімі.
Кездесуде аудан тұрғындары балалар алаңшасын салу, көшені жарықтандыру, қоқыстың уақытылы шығарылуы, жылыту маусымына қатысты мәселелерін көтерді. Тұрғындар тарапынан жасалып жатқан өтініштер жергілікті биліктің назарынан тыс қалған емес. Барлық мәселелер хаттамаға түсіріліп, Рашид Мамытұлы жіті бақылауға алатынын жеткізді.
Биыл Әл Фараби ауданында ауыз толтырып айтарлықтай толымды тірліктер атқарылуда. Оған әкімдер мен жергілікті тұрғындар тарапынан ашық диалог орнауы негіз болды деп айтуға әбден болады-ақ. Жуырда ғана Әл-Фараби ауданына қарасты Түркістан көшесі №2/3 үйінің ауласы және Қарасу шағын ауданы №23 көпқабатты үйінің аулаларында абаттандыру жұмыстары аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілген болатын.
Пайдалануға берілген аулаларда су жаңа балалар ойын элементтері, бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылған. Сондай-ақ, Түркістан көшесі 2/3 үйінің ауласындағы спорт алаңы ағымдағы жөндеуден өтті.
«Жалпы ағымдағы жылы ауданымызда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 50 балалар алаңшасы және 9 спорт алаңшасын орнату жоспарланған. Одан бөлек, 9 спорт алаңшасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаз мезгілінде 28 аула абаттандырылса, бүгінде 22-і қолдануға берілуде»,- деді аудан әкімі.