Алаяққа 2 миллион теңгесін аударып жіберген…

52

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, интернет-алаяқтықтың құрбаны болғанын жеткізді. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған белгісіз ер адам хабарласып, банк қызметкері екенін айтқан. Содан сіздің атыңыздан белгісіз біреулер онлайн несие алуда, сол алаяқтарды анықтау үшін сізге түскен ақшаны салып жіберсеңіз деп өтінген.

Оған сенген әйел, 2 миллион ақшаны өзі аударып жібереді. Соңында алаяққа алданғанын білген тұрғын қылмысты ашып, күдіктіні құрықтау үшін полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігімен «Алаяқтық» тіркелді Орын алған алаяқтық қылмысын ашу мақсатында, тәжірибелі полиция қызметкерлерінен арнайы тергеу тобы құрылды. Жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жәбірленушінің қаражаты Ақтау қаласы тұрғынына тиесілі банктік есепшотқа түскендігі анықталды.
Түркістан облысының полицейлері күдікке ілінген ақтаулықты полицияға жеткізіп, сұрастырды. Ер адам өз жауабында, ғаламтор жүйесіндегі жарнамаларға сеніп, өзінің банктік есепшоттары мен жеке құжаттарын жеңіл табыс табу мақсатында, белгісіз біреулерге жолдап жібергенін жеткізді. Қазіргі таңда негізгі күдіктілерді анықтап, жеткізу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.
Осыған байланысты Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ескертеді: ғаламтор желісінде күдік тудыратын жарнамаларды байқаған жағдайда, дереу «102» телефонына хабарлауды және өздеріңіздің банктік есеп шоттарымен жеке құжаттарыңыздағы мәліметтерді «екінші» тұлғаға хабарламауға шақырады.