Алғашқы жоба бойынша «Пациенттерден идея» бұрышы орнатылды

17
 №136 білім беру ұйымында Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері Абай ауданы тұрғындарына 10 айдағы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.
Есепті кездесуге Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігері Айгүл Орынбасарқызы да қатысты. Емхана күні бүгінге дейін Қоғамдық кеңеспен бірлесіп, тұрғындардан келген арыз-шағымдарды талқылап, бірқатары оң нәтижесін тапқан болатын. Жиында сөз алған емхана басшысы бірлесе атқарылған жұмыстарды баяндады.
«Емханада тұрғындармен кері байланысты күшейтуде көптеген жобаларды қолға алдық. Басты мақсаты – тұрғындар мен пациенттерге ақпараттық- кеңестік көмек көрсету, медициналық және әлеуметтік проблемаларды бірлесе отырып, шешімін қарастыру. Осыған байланысты, алғашқы жобамыз «Пациенттерден идея» бұрышы орнатылды. Қазір «Халық комитеті» мен «Татуласу» кабинеттері жасақталып жатыр. Медициналық мекемедегі проблемалық мәселелерді зерделеу үшін фокус-топтар тартылған.
Осы тұста айтып кетерім, Қоғамдық кеңеспен бірге тұрғындардан медициналық мекемеге түскен арыз-шағымдарды, оның ішінде дәрі-дәрмектерге қатысты, медициналық көмектің сапасына байланысты, медициналық қызметкерлердің білім деңгейі бойынша бірнеше өзекті мәселе қаралып, бірлесіп шештік.
Қоғамдық кеңес мүшелірінің халық денсаулығын сақтауда қосқан үлестері үшін қалалық №6 емхана ұжымы атынан үлкен алғысымды білдіремін», — деді өз сөзінде А.Қылышбаева.
Халық денсаулығын нығайтуда емдеу мекемелерінің атқарып отырған еңбектері орасан. Ауруды ерте бастан анықтау, ауруханаларға бағыттау осы емханалардың жұмысы. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында денсаулық сақтау саласының дамуын артттыру күн тәртібінде тұр. Отандық денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың жаңа жобалары жасақталуда.
Жиын соңында кеңестің атқарылған жұмыстарына тұрғындар оң бағасын берді.