Ауылдың жағдайын жақсартуға басымдық беріледі

87

Мемлекет басшысы ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы жарлыққа қол қойды.

«Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады.
«Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы жарлыққа қол қоямын», – деді Тоқаев елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінен кейін.
Президент осы құжат арқылы үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деді ол.
Сондай-ақ мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасындағы шараларды жүзеге асыру үшін арнайы жарлық шығаратынын атап өтті.
«Сайлауалды бағдарламам – бұл ұзақ ой-толғау мен ізденістің нәтижесі. Тіпті, жүрегімнен шықты десем, артық айтқандық емес. Халықтың бастамаларға қолдау білдіріп, үлкен үміт күтіп отырғанын білемін. Тұғырнаманың әрбір тармағы толық орындалуға тиіс. Мен ол үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Осыған байланысты арнайы жарлыққа қол қоямын», – деді ол.
Айтуынша, бұл Жарлық нақты іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Бағдарламаның мүлтіксіз орындалуы президенттің жеке бақылауында болады.