«Бамбини-Монтессори» балабақшасында ерекше конференция өтті

0

Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-анасына, логопедтер, психологтар мен әдіскерлерге арналған халықаралық Монтессори конференциясы өтті. Шараны Махамбет Сапарбаев атындағы орталық пен Бамбини-Монтессори балабақшасы ұйымдастырды. Жиын барысында Түркия, Польша мен Ресейден арнайы шақырыған сарапшылар конференцияға қатысушыларға Монтессори әдісінің артықшылығын түсіндірді.

«Бамбини-Монтессори» балабақшасының қызметкерлері Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына шеберлік сабағын өткізді. Шара мақсаты – өңірдегі педагогтар мен тәрбиеші, психологтарға ерекше балалармен қалай жұмыс жасау керектігін көрсететін әдіспен бөлісу.

Монтессори – бала тәрбиесіндегі ең озық үрдістердің бірі. Тәжірибелі еуропалық мамандар бұл жүйенің баланы дамытудағы артықшылықтарын айтып берді. Краков қаласынан келген білікті маман Агнешка Славов 1994 жылдан бері Монтессори әдісін қолданады. Ол мұның балаларды жан-жақты дамытатынына бек сенімді.

Агнешка Славов, психолог, коррекциялық мұғалім: «Монтессори дені сау балаларға да, дамуы кешеуілдеп қалған балаларға да өте ыңғайлы. Мұнда біз барлық сезім мүшелерін, вестибулярлық аппаратты қолданамыз. Бұл әдісті қолданған балаларда әсері жақсы байқалып жатыр. Мысалы бір санын айтайық, біздің әдісте бұл санды барлық мүшелерімізбен сезінеді. Біз оны көреміз, естиміз, тіпті сеземіз. Бұл материалданған абстракция деп аталады. Яғни, материалданған абстракция арқылы балаларды жаңа дүниеге үйрету оңайырақ».

Монтессори жүйесімен жиырма жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан түрік мұғалімі Ташчи Эмел бұл методиканың шын мәнінде керек екенін айтады. Қаламызға іс-сапармен келген ол шымкенттік Монтессори педагогтарының дайындығының жоғары деңгейде екеніне көз жеткізді.

Ташчы Эмиль, Монтессори-педагогы: «Мені осында шақырғанына өте қуаныштымын. Келіп, мұнда Монтессори қалай оқытылатынын көргенде, мен таң қалдым. Мұндағы жүйе жақсы жұмыс істейді. Ал мен бұған өте қуаныштымын. Монтессори – баланы барлық ерекшеліктерімен сол қалпында қабылдайтын әдіс. Және оны қажетті уақытта, қажетті жерде қалыптастыру керек»

Бүгінгі таңда «Бамбини-Монтессори» балабақшасында 5 «Дені сау балалар» тобы және 2 коррекциялық топ жұмыс істейді. Онда балалардың сөйлеу, есте сақтау, ойлау қабілетіне мән беріледі. Бүлдіршіндер 3 тілде сабақ оқиды. Ал оңалту бағдарламасына массаж, бассейн және жаттығу терапиясы кіреді.

Людмила Новикова, Махамбет Сапарбаев атындағы орталықтың директоры: «Сөйлеу мәселесі қазір ғаламдық сипатқа ие. Міне, біздің Білім министріміз тіл дамыту сабағын барлық мектепке дейінгі және мектептердің бағдарламасына енгізді. Біздің «Бэмбини» балабақшасы мен Махамбет Сапарбаев атындағы орталық ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтерді оқыту үшін пилоттық режимде ашылды. Қазір өтіп жатқан шеберлік сабақтары өте өзекті. Осы жерден сабақ аламын деушілер болса, келіп тіркеліп, оқыса болады. Біз бүкіл Қазақстан бойынша Монтессори әдісі бойынша жұмыс істеуіне қол ұшымызды созамыз».

Мемлекет басшысы білім саласына барлық жағдайды жасау қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде бұл салаға ерекше көңіл бөлінуде.

«Бамбини-Монтессори» балабақшасы Махамбет Сапарбаев орталығында, нақтырақ айтқанда Ғани Ильяев көшесі, 68/1, «Кең-Баба» саябағының аумағында орналасқан.

Мекен-жайы: «Кен-баба» саябағы, Ғ.Иляев көшесі 68/1