Білім нысандарының құрылысы бітуге таяу

55

Биыл Шымкент қаласында бірнеше білім ошақтарына жаңа корпустар салынды. Құрылысы әлі де жүріп жатқан нысандардың біразы бітуге таяу. Жуырда қалаға қарасты Еңбекші ауданындағы Сайрамдағы Ю. Сайрями көшесі бойындағы №10 колледжінің жаңа оқу корпусының құрылысын Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов барып, тексеріп, сапаға мән берді. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Аталған нысанның құрылыс жұмыстарының мерзімнен кешеуілдеуіне байланысты жауапты мердігерге бірнеше ескертулер беріліп, айыппұлдар салынған. Қазіргі таңда ескертілген кемшіліктер ретке келтіріліп, жұмыстар жалғасын табуда. Осы күнге дейін құрылыстың 85%-ы атқарылды.
Жаңа ғимаратта 300 орындық оқу корпусы, 200 орындық асхана, 200 орындық АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған. Нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталған. Жоспарға сәйкес жаңа корпус жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, Мұрат Әйтенов Қайтпас-1 ықшамауданындағы №72 орта мектептің қосымша оқу ғимарат құрылысын да тексерді. 375 орынға лайықталған нысан 3 қабатты 2 блоктан тұрады. Алдағы уақытта 30-ға жуық қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Ғимарат құрылысы жыл соңына дейін 100% аяқталып, пайдалануға берілмек.
Нысан жұмыстарымен танысып шыққан қала әкімі сала мамандары мен мердігер мекемеге жұмыс сапасына баса мән беріп, жобаны уақытылы аяқтауды тапсырды.
Бұдан кейін, “Сайрам” ықшамауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының жаңа оқу корпусын М.Әйтенов нысанның жұмыс сапасын тексеріп, тапсырмалардың орындалу барысын қадағалады. Бүгінде құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Құрылысы биыл, наурыз айында басталған жаңа оқу корпусы 600 оқушыға шақталған, қосымша екі блоктан тұрады. Футбол алаңшасы мен жүгіру жолы қарастырылып, инженерлік жүйемен толықтай қамтылатын болады. Қазірге дейін құрылыстың 30%-ы атқарылды. Жоспар бойынша жұмыстар келесі жылы 100% аяқталып, пайдалануға берілмек.
«Нысандардың сапасы маңызды. Бұл нысанда балалар білім алады, оқиды. Балалар үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз”,-деді әкім ғимаратты аралау барысында.