Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының төрағасы Әділ Өтембаев 10%-тік өтемақыға өтініш беріп жатқан азаматтар саны аз екенін мәлімдеді.
«Қазір біз төлем алуға өтініш беру белсенділігінің төмен екенін байқап отырмыз. 11 қарашадағы жағдай бойынша 1,8 млн адам өтініш берді, бұл өтемақы алуға үміткерлердің жалпы санының 35%-інен аз», — деді Өтембаев Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан қаржыгерлерінің Х конгресі» аясында.
Ол қазақстандық банктерде осы жылдың 23 ақпанына дейін ашылған теңгедегі депозиті бар азаматтар мемлекеттен 10% көлемінде өтемақы алуға құқылы екенін еске салды.
Ол үшін депозит ашылған банкке өтініш беріп, сол арқылы төлем алуға келісіміңізді растау қажет. Өтініш 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылданады.
Осы орайда Өтембаев салымшыларды өтемақы алу құқығын белсенді пайдалануға шақырды.
«Салымшылардың бір жарым ай уақыты бар, бірақ банкке өтініш беруді жыл соңына дейін қалдырмауды өтінемін. Оның үстіне бұл қиын емес, көптеген қазақстандық банкте өтінішті онлайн беруге болады. Банктің мобильді қосымшасы болса жеткілікті», — дейді қор басшысы.
Айта кетері, өтемақы 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін төленеді.