Мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет

34

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс», – деген болатын.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, мерейін асыру бағытында іске асырылып жатқан жобаларды тізбектеп шығу мүмкін емес. Ал жергілікті жерде қарапайым ғана дүкен атаулары, жарнама мәтіндерін дұрыс жазу сынды жұмыстарды атқарудың өзі мемлекеттік тілген деген құрметті көрсетсе керек.
Қазақстан республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына сәйкес, Еңбекші ауданы әкімі аппаратының, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының және қоғамдық кеңес мүшелері мамандарымен бірлесіп, “Оңтүстік” шағынауданында орналасқан кәсіпкерлік нысандарының қасбеттеріндегі атаулары, орфографиялық дұрыс жазылуы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған түсіндіру бойынша – көрнекті ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен жазылуы тиіс: мемлекеттік тілде- сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекті ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін.
Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс. Аталған талаптардың сақталмауы “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” ҚР Кодексінің 75-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осыған орай, кәсіпкерлік нысан иелеріне көрнекті ақпарат мәтінін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру туралы түсіндіру жұмыстары өткізілді. Аталған жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.