ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі үшінші мегаполисте болды. Шымшаһарға іс сапармен келген министр Достық үйі мен азаматтық және жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты. Жергілікті этнос өкілдерімен кездескен Дархан Қыдырәлі дөңгелек үстел барысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында бірлесе атқаратын жұмыстарға тоқталды. Шенеунік, әр мекемеде атқарылған жобаға оң бағасын беріп, жастарды белсенді болуға шақырды.
Үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі алдымен шаһардағы Азаматтық ресурстық орталықтың жұмысымен танысты.
Бүгінде Шымкентте үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамның өкілдері көп. Бұл шағын коворкинг орталығы оларды бір ортаға жинау үшін құрылған. Ашылғанына бір жылдан асқан мекемеде заңгерлік көмек, түрлі кеңестер беріліп, мамандар жобалар дайындауда қол ұшын созады, дейді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Министр орталықтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу бағытына назар аударды. Айта кеткйік, Азаматтық Альянс өкілдері жуырда қаладағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар және олармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің басын қосуды көздейді.
Бүгінде Шымкентте 17 этномәдени бірлестік және олардың жанында 19 шығармашылық ұйым мен 3 жексенбілік мектеп жұмыс істейді.
Министр іс сапар барысында Қазақстан халқы Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілерімен, этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті.
Қоғамдық келісім — еліміздің басты байлығы екенін атап өткен Дархан Қыдырәлі этнос өкілдерінің қайырымдылық акцияларына белсене қатысатынын атап өтті. Сөзінше Шымкентте этномедиацияны дамыту жұмысы да қарқын алған.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: «Тәуелсіздік алғалы Ассамблеяның еліміздің дамуына қосқан үлесі әсәресе Шымкенттің үлкен үлесі бар екенін атап өткім келеді. Жалпы қоғамдық келісім еліміздің басты байлығының бірі. Мемлекет басшысы айтқан баршаға тең мүмкіндік беретін қоғам құру баршаға ортақ міндет. Соған осы жергілікті этнос өкілдері де өз үлесін қосып отыр. Біз көптеген қиындықты бірге өткеріп келеміз. Жалпы Ассамблея мүшелерінің ұйымшылдығын ерекше атап өткім келеді».
Шымкент жастар қаласы дегенді алға тартқан министр, қаладағы Жастар ресурстық орталығының жұмысына оң бағасын берді. Сондай-ақ, ол мемлекет тарапынан әрбір жастың тың жобасын қолдауға дайын екенін жеткізді.
Айта кетсек, бүгінде шаһарда 248 178 жас бар. Бұл мегаполис халқының 20,7 пайызын құрайды. Бүгінде қаладан шалғайда орналасқан елді мекендердегі жастарды орталыққа жұмылдыру мақсатында 2021 жылы Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен 4 ауданда Жастар орталығының филиалы ашылған. Орталық мамандары күніне 800-ге жуық жасқа қызмет көрсетеді.
Азиза Өтеулиева