Сарыағаш аудандық полиция бөліміне «Жібек Жолы» шекара бақылап-өткізу бекетінде Өзбекстан Республикасына өтпекші болған шетелдіктен есірткі заттары табылғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Полицейлер анықтағандай, Пират есімді қызметтік ит Өзбекстан азаматында есірткі затына ұқсас заттың бар екеніне белгі берген.
Тәртіп сақшылары күдіктіні тінту кезінде оның сырт киімінің қалтасынан есірткіге ұқсас затты тапты. Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес оның «гашиш» есірткісі екені анықталды. Күдікті шетелдік қамауға алынды.
Бұл жайт ҚР ҚК-нің 286-бабы бойынша «Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткінің заңсыз айналымына байланысты қандай да бір қылмыс жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік барын ескертеді.