Пробация есебінде тұрған азаматтарға бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды

68

Шымкентте пробация қызметінде есепте тұрған сотталған азаматтарды жұмыспен қамту басты назарда! Шаһарда бұл азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетіліп отырады. Бұл жолы Әл – Фараби аудандық прокуратурасы бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Қаладағы ірі кәсіпорын иелері істі болған азаматтарды жұмысқа қабылдауға дайын екенін жеткізді.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне келген бұл азамат шартты түрде сотталғанын айтады. Өмірде бір рет қателік жасағанын мойындап, оны түзетуге дайынмын дейді ол. Әлеуметтік шара аясында, пробация тізіміндегі азамат кондитерлік фабрикаға жұмысқа орналасты. Еңбегі үшін төленетін жалақысы 100 мың теңгеден асады екен.

«Бүгінгі іс шара бойынша жұмысқа тұруға келген едік. Осы Құдай қаласа жұмыс болып кетсе, жұмыс істеп түзелуге тырысып жатырмыз», дейді  есепте тұратын азамат.

Әл – Фараби аудандық прокуратурасы ұйымдастырған бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 20-ға жуық пробация есебінде тұрған азамат қатысып отыр. Шара аясында қаладағы ірі кәсіпорын иелері қарапайым жұмысшыдан бастап, техникалық мамандық бойынша жұмыс ұсынып отыр. Мәселен, осыған дейін ұйымдастырылған жәрмеңкеде кондитерлік фабрикаға 10-нан астам сотталған азамат жұмысқа орналысыпты. Компания өкілдері тағы 8 азаматты цехқа жұмысшы ретінде алуға дайынбыз деп отыр.

Айдар Зиябеков, жұмыс беруші: «Біз осымен екінші рет қатысып отырмыз осы жәрмеңкеге. Пробациядан сотталып шыққан кісілерді жұмысқа алуға даярмыз. Бізде барлық жағдай жасалған. Бізге қарапайым жұмысшылар керек цехқа. Айлығы таза қолға 100-140 дейін барады. Ол жасаған жұмысына байланысты. Бір мезгіл ыстық тамақта беріледі бізде».

Бүгінгі таңда Әл-Фараби ауданы бойынша 272 азамат пробация есебінде тұр. Оның 170-тен астамы өзін – өзі жұмыспен қамтығандар. Ал 50-ге жуығы осындай бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып екі қолға бір күрек тапқан.

Дәурен Халықов, Әл -Фараби ауданы прокурорының көмекшісі: «30-дан астам сотталғандар бүгінде жұмыссыз. Сондықтан Пробация туралы заңның бірінші бабына сәйкес, ол пробацияның ең басты міндеті сотталғандардың осы ортаға бейімделуі болып табылады. Яғни әлеуметтік көмек көрсету. Ол дегеніміз не? Өздеріңіз білесіздер сотталған адамдар үмітін үзген. Біз құзырлы органдар көмек беруіміз қажет».

Алайда жұмысқа орналасқан кейбір азаматтардың арасында жауапкершілікті сезінбейтіндер де бар көрінеді. Яғни олар себепсіз жұмыстан қалып, көрсетілген көмекті тиімді пайдаланбайды, дейді сала жауаптылары. Бұдан өзге халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс таппаған сотталған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтады.

Бекзат Толыбаев, Шымкент қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Сотты болған азаматтардың әлеуметтік құқықтық көмек беруде оның қайта қылмыс жасамауы үшін, сондай-ақ қоғамға бейімдеуді жұмыспен қамтуда алар орны ерекше. Сол себепті де біз жергілікті деңгейде әкімдік қаулысы бекітіліп отырады. Әкімдік биыл да 19 шілдеде жаңадан қаулы бекітілген. Сол қаулыға сәйкес сотты болған азаматтарға арналған 106 жұмыс орны бар. 10-нан аса жұмыс берушіде. Бірінші кезекте біз сотты болған азаматтарға квота арқылы жұмыс ұсынамыз».

Сондай-ақ, сала жауаптылары, жазасын өтеген азаматтарға “2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы” шеңберінде жұмыспен қамту шараларын да ұсынамыз дейді. Айта кетсек, сотталған азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту шарасы алдағы уақытта жалғасын табады.

Азиза Өтеулиева