Үкімет балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейтіп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министр Ербол Оспанов Астанада ЮНИСЕФ алаңында өткен конференцияда. Оның айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің 2 миллионға жуық азаматы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған.
«Үкімет жүргізіп отырған жұмыс елдегі демографияға оң әсер етеді, осыған байланысты балалы отбасыларды қолдау шаралары күшейтіліп жатыр. Мәселен, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында ақылы декреттік демалыс мерзімін 1,5 жылға дейін ұлғайту, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосу және басқа да көптеген жаңашылдық қарастырылған», – деді ол.
Әлеуметтік көмектің үш түрін атаулы әлеуметтік көмекке біріктірудің оң әсері аталып өтті, бұл оны басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен балалы отбасылардың әл-ауқатын арттыру үшін тиімді әлеуметтік саясаттың және оны одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. «ЮНИСЕФ Қазақстан үкіметімен осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыруға дайын», – деді ол.
ЮНИСЕФ сарапшылары екі өңірде – Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында кейс-менеджмент технологиясы негізінде ақшалай жәрдемақылар мен әлеуметтік қызметтер түрінде балалары бар аз қамтылған отбасыларға кешенді көмек көрсетуді көздейтін «Жәрдемақы Плюс» пилоттық жобасының нәтижелері туралы айтып берді.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел конференцияға қатысушыларды Әлеуметтік кодекс жобасының негізгі новеллалары туралы хабардар етті.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қолдау бойынша ақпараттық жүйелерді дамыту және сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Бауыржан Нұржақсынов Еңбекмині енгізген Отбасының цифрлық картасының жұмыс процесін таныстырды. Бұл әр түрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.
Конференция барысында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері ұсынылды, өзекті халықаралық және ұлттық тәжірибе талқыланды, сондай-ақ балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау саласындағы саясат пен құқықтық базаны нығайту бойынша ұсыныстар әзірленді.