Қазақстандықтар банктерге 13, 1 трлн. теңге қарыз

77

Қазақстанда жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктерге қарызы 13,1 триллион теңгені құрап отыр.  Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Агенттіктің ақпаратынша, биыл қыркүйекте ел экономикасына кредиттер 2,0%-ке өсіп, 21,1 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері өсім – 14,1% немесе 2,6 трлн теңге. Соның ішінде ұлттық валютадағы кредиттер 1,8%-ке, 19,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ал шетел валютасындағы несиелер 4,4%-ке, 1,8 трлн теңгеге дейін өсті.
Бұл ретте халықтың банктерге қарызы 13,1 триллион теңгеге жеткен.
«Жеке тұлғалардың кредиттері 2022 жылғы қыркүйекте 2,5%-ке ұлғайып, 13,1 трлн теңгені құрады. Несиелер осы жылдың басынан бері 21,6%-ке өсті», — делінген хабарламада.
Агенттік қазақстандықтарға берілген кредиттердің өсуін жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар аясында ипотекалық несиелеудің 3,3%-ке, 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғаюымен, сондай-ақ тұтынушылық қарыздың 2,3%-ке, 7,2 трлн теңгеге дейін артуымен байланыстырып отыр.
Сондай-ақ заңды тұлғалар банктерден 8,0 трлн теңге кредит алған. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 3,6%-ке өсті.
Биыл қыркүйекте заңды тұлғаларға 988 млрд теңге қарыз берілді, бұл 2022 жылғы тамызбен салыстырғанда 1,5%-ке көп. Ірі бизнеске берілген қарыз жыл басынан бері 2,7%-ке, 3,3 трлн теңгеге дейін, ШОБ (жеке кәсіпкерлікті қоса алғанда) несиелері 6,8%-ке, 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіпке (34,1%), саудаға (21,4%), құрылысқа (7,6%) және көлікке (5,4%) тиесілі.
Бұдан бөлек, заңды тұлғалардың депозиттері 4,2%-ке, 15,2 трлн теңгеге дейін, ал жеке тұлғалардың депозиттері 2,1%-ке, 13,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды.