Қоңыр күзде де гүлге оранған киелі аймақ

177

Облыс орталығы Түркістан жылдан жылға көрейіп келеді. Жыл бойы шаһар аумағындағы көше, қоғамдық орындар, гүлзарлар, саябақтардағы ағаштар мен гүлдердің күтімі бойынша жұмыс тоқтаған емес. Сондықтан болар өңірде күздің соңғы күндерінде де жылдық гүлдер жайқалып тұр.

Әкімшілік іскерлік орталығының аумағында жайқалған көпжылдық және бір жылдық гүлдер әкімшілік іскерлік орталығына ерекше сән беріп тұр. Түрлі түсті хризантемалар қар түскенше осылайша жайқалып тұрады,- дейді коммуналшылар.

«Жасыл Түркістан» мекемесінің жұмысшылары осы аумақтағы гүлдерді көктемге дайындауда. Қазір олар райхан гүлдерінің сабағын жапырақтары гүлшанағын кесіп қыс мезгіліне әзірлеуде. Түбіне тиіспейміз келер жылы ерте көктемде олар қайта өсіп өніп жайқалады,- дейді Гүлнар Омарбекова.

Гүлнар Омарбекова, «Жасыл Түркістан» мекемесінің жұмысшысы: «Өзіме жұмысым ұнайды таза ауада гүлдермен жұмыс істеймін. Әрине оңай емес. бірақ тырысып бағудамыз, көркейсін деп аянбай еңбек етудеміз».

Қызыл жол аулының тұрғыны Рысалат Алданова да осында еңбек етеді. «Қазір қала тұрғындары мен облыс орталығының қонақтары біздің еңбегімізді бағалайды. Барлығы мәдениетті. Отырғызған гүлдерге тиіспейді, беймезгіл жұлмайды» дейді.

Рысалат Алданова, «Жасыл Түркістан» мекемесінің жұмысшысы: «Жұмысымыз жақсы айлығымызды да уақытылы аламыз, барлығына рахмет жұмысымыздың болғанына. Бұрынғы және қазіргі Түркістанның айырмашылығы  әрине байқалады. Шаһарымыз көркейіп келеді».

Облыс орталығына жұмыс бабымен келетін өңіріміздің өзге аудандарының қызметкерлерінің арасында уақыт тауып арнайы гүлдерді тамашалайтындары да жоқ емес.
Гүлжан Сайранбекова, тұрғын: «Не деген керемет сұлулық. Күздің соңғы айы, жақында қар түседі. Ал бізде Түркістанда көпжылдық гүлдер жайқалып, көтеріңкі көңіл сыйлап тұр. Коммуналдық сала қызметкерлеріне осы  еңбегі үшін алғысымыз шексіз. Қолдары дерт көрмесін. Отбасылары аман болсын».

Хризантема, қазтамақ пен райхан гүлдерінен бөлек раушан гүлдері және де қаладағы жылыжайларда өсірілетін бір және көпжылдық гүлдер отырғызылады. Түркістандық коммуналшыларға алматылық мамандар келіп гүлдің күтімі бойынша тәжірибе алмасып тұрады.