«Қожа Ахмет Яссауи Һәм Ихсан ілімі»

13

Шымкентте «Қожа Ахмет Яссауи Һәм Ихсан ілімі» тақыбырында халықаралық ғылыми-танымдық коференция өтті.

Шара барысында Қырғызстан, Өзбекстан, Франциядан келген ғалымдар Ихсан ілімі мен Яссауи мұрасының төңірегінде ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар ғұламалардың еңбектерін бұқара арасында кеңінен насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

«Қожа Ахмет Яссауи Һәм Ихсан ілімі» халықаралық ғылыми -танымдық конференциясы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы хазреттің құттықтау сөзімен бастау алды. Ихсан ілімінің маңыздылығын атап өткен Бас мүфти жиналған қауымды барынша кішіпейіл, мейірімді болуға шақырды.

Конференцияның бірінші бөлімінде ғалымдар «Қазақтың әулиеге сенімі және Яссауи туралы хикаяттар», «Яссауи мұрасының маңызы» тақырыбында жинақтаған зерттеулерін баяндап, ғұламалардың еңбектерін халық арасында кеңінен насихаттауды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Наурызбай Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти: «Әлемде болып жатқан жағдайлардан, адамға төнген қауіпті қалай құтқарамыз – мейірім арқылы құтқарамыз. Егер әрбір адамда мейірімі мен шапағаты көп болса, сонда Алла қаласа әлемде, біздің ортақ үйімізде тыныштық орнайды. Қожа Ахмет Ясайи бабамыз «Адамға, халыққа қызмет жасау үшін топырақ болуы керек дейді, яғни кішіпейіл, қарапайым болуы керек» дейді. Сонда ғана біз әлемде жақсылық орнатуға себепші боламыз. Сол бағыттарды насихаттау үшін бүгін біз конференция ұйымдастырып жатырмыз».

Шара барасында жиналған қауым Қожа Ахмет Яссауидің қазақ руханиятындағы рөлі және өміріндегі күрес жолдары жайлы тың мағлұматтар алды. Жиында ұлы ғұламаның мәнді ғұмырнамасы туралы молынан сөз қозғаған ел ағалары, ендігі мақсат осы дүниені өскелең ұрпаққа дәріптеп сапалы түрде жеткізу екендігін айтады.

Мемлекет басшысы ұрпақ тәрбиесіне, рухани құндылықтарды дәріптеуге баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын. Мұндай жиындардың бұл мәселег қосар үлесі салмақты.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен халықаралық конференцияға Өзбекстан, Қырғызстан мен Франция елдерінің ғалымдары қатысты.