Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның жетекші компанияларының басшыларымен кездесті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде халықаралық қоғамдастық бүгінде күрделі геосаяси және экономикалық мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа сын-қатерлер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қиын-қыстау кезең – байланыс орнатып, серіктестікті дамыту үшін қолайлы уақыт.
«Біз ортақ экономикалық және саяси мүдделерімізді одан әрі ілгерілету үшін Франциямен және жалпы Еуропамен арадағы қарым-қатынасты жолға қойғымыз келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан еркін және бәсекеге қабілетті нарықтық экономиканы нығайтуды көздеп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ монополиядан арылу Қазақстанды қуатты, бәсекеге қабілетті және инвесторларға тартымды етеді деп санайды. Ол бизнес ахуалды жақсарту үшін заңнамаға одан әрі тиісті өзгертулерді енгізуге дайын екенін жеткізді.