Шымкент: Сайлау күні қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдады

29

ҚР Президентін сайлау күні Шымкенттегі қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдады. Бұл күні кондукторлар жұмысқа шыққан жоқ. Тұрғындар автобус қызметін таңғы сағат 7-ден кешкі 21:00-ге дейін  пайдалана алады. Сала жауаптылары болса мониторинг жұмысын көшейтіп, бір күндік акция жайлы ақпаратты шымкенттіктерге таратуда.

Шымкенттіктер Президент сайлауы күні қоғамдық көлік қызметін тегін пайдалануда. Мұндай акция қалада осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Таңғы сағат 7:00 ден бастап шаһардағы 78 бағыт бойынша 800 – ден астам қоғамдық көлік әдеттегідей халыққа қызмет көрсетуге кірісті. Ерекшелігі бұл күні кондукторлар жұмысқа шыққан жоқ. Яғни жолаушылардан ақы талап етілмейді.

Бұл күні автобус қызметін пайдаланатындар саны әдеттегіден көп емес. Ал қоғамдық көліктегі жүргіншілер бүгінгі саяси науқан жайлы ойларымен бөлісіп, пікір алмасуда. Сөздерінше, тарихи күні автобуста жүру тегін болғаны халыққа тиімді.

Десе де бір күндік акция туралы шаһар тұрғындары толық хабардар емес. Электрондық төлем жүйесіне еті үйренгендер арасында бірден төлеммен жолақысын төлеп қойып жатқандарда бар.

Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы таңертең сайлауға қатысып, күні бойы акция аясында қоғамдық көліктердегі жағдайды бақылауға кіріскен. Сөзінше қазір мердігер компания валидаторды өшіру жұмысымен айналысуда.

Наурыз Сүгірәлиев, Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы: «Біз бақылау жұмысын тұрақты жүргізіп жатырмыз. Бүгін жексенбі демалыс мереке болғандықтан жолаушылар ағыны көп емес, көріп тұрғандарыңыздай. Көп адам жоқ. Негізгі 40 аялдамада бақылау жүруде. Ондада көп жолаушы байқалмайды. Әдеттегіден аз. Валидаторды қазір «Төлем» компаниясы өшірді. Кейбірі осылай бетін жауып қойған. Сосын кондукторлар жұмысқа шыққан жоқ».

Бұл күні шаһар аумағына қатынайтын автобустар қалыпты режимде жұмыс істейді. Автобустар әдеттегідей таңғы сағат 7:00-ден 21:00-ге дейін жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жалпы, шаһарда жолаушыларды тасымалдаумен 10 көлік компаниясы айналысады. Сала жауаптылары алдағы мереке күндері мұндай акцияны жалғастыру жоспарда бар екенін алға тартуда.

Азиза Өтеулиева