Шымкентте экологиялық тың жоба қатары артуда. Шаһарда алғаш рет электромобильді тегін қуаттайтын бекет ашылды. Мамандар үшінші мегаполисте электрокар тізгіндейтін жүргізушілер қатары артып жатқанын айтады. Енді олар жаңа бекеттің қызметін тегін пайдалана алады. Инновациялық нысанды қалай қолданады? Оның ерекшелігі туралы толығырақ тілші тарқатады.
Шымкентте жанармаймен жүретін көліктен бас тартып, электромобильге көшу үрдісі қарқын алған. Экологиялық көлік түрін құп көретін жүргізушілер енді электрокарды тегін қуаттай алады. Жаңадан ашылған қуаттау бекетінің қызметін алғашқылардың бірі болып қала тұрғын Альфинұр Жаннанова пайдаланып көрді. Нәзік жандының сөзінше ол 3 айдан бері электромобильді тізгіндеп жүр.
Альфинұр Жаннанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен осы электромобиль бекетінде қуаттадым көлікті. Бұл жерде арнайы жүйе де бар. Электр қуатына кеткен шығынды да есептеуге болады. Электромобиль жүргізушісі ретінде мен осындай жылдам қуаттау бекетінің ашылуын күттім. Алматы, Астанада бұл көлік түрін көп қолданады. Бізде де оның саны көбейіп жатыр. Осындай бекеттердің ашылғаны қуантып отыр. Электрокар өте үнемді келеді. Есептеп қарасам жанармаймен 1 шақырым жүру үшін 24 теңге жұмсалса, электромобильмен дәл осы қашықтықта жүруге 2,5 теңге жұмсалады екен. Кез келген көлік келгенде оның қуаттайтын жері фарында болады. Мына жерге соны жалғаса. Біз шығып қосым береміз. Ол кілт арқылы қосылады. Оның кілті бізде ғана бар. Бір басқанда қосылады қуаттап біткен соң тағыда кілтпен өшіреміз».
Жаңадан орнатылған электробекеттің басты ерекшелігі — шымкенттіктерге тегін қызмет көрсетуінде. Сондай-ақ электрокарды қуаттау көп уақытты алмайды әрі қауіпсіздік шарасы да қарастырылған. Мамандардың сөзінше Еуропалық және азиялық электрокардың барлық түрі жаңа бекеттің қызметіне жүгініп, экологиялық көлігін қуаттай алады. Мұндай бекеттің біреуі 3 млн. теңгені тұрады.
Дінасыл Әбдухалықов, «Pana» қонақ үйінің әкімшісі: «Жақын арада электростанция орнаттық. Электромобильдерге арналған. Шымкентте алғашқы электростанцияның бірі. Біз Шымкентте инфрақұралымын дамыту үшін арнайы әкеліп орнаттық. Бұл отандық өнім. Яғни Қазақстанда жасалған».
Электромобильді қуаттау бекеті демеушілер есебінен орнатылған. Әзірге мұнда тоқпен жүретін темір тұлпарын қуаттауға келіп жатқан жүргізушілер көп емес. Инновациялық нысан ауа райының қолайсыздығына қарамастан жүргізушілерге қызмет көрсете алады дейді мамандар.
Дінасыл Әбдухалықов, «Pana» қонақ үйінің әкімшісі: «Бұл электростанция өте мықты. Кез — келген ауа райына шыдап береді. Жаңбыр, қар, боранға төтеп береді. Физикалық күштергеде шыдап бере алады. Мұны бізде қалада электромобильі бар қала тұрғындары қолдана алады. Мұны барлық қонақтарымыз және қала тұрғындарымыз үшін тегін болады».
Темір тұлпар тізгіндеушілер электромобиль жанармаймен жүретін көлікпен салыстырғанда үнемділігімен және ең бастысы қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндігімен ерекшеленетінін айтады. Статистикаға сәйкес, биыл елімізде 500 -ге жуық электрокар тіркелген.
Азиза Өтеулиева