Шымкент қаласына қарасты Әл Фараби ауданында 200 мыңнан астам халық қоныстанған. Аталған ауданға 2 елді мекен, 13 шағынаудан қарайды. Ауданды инфрақұрылммен қамту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Биыл аумақты толық электр энергиясымен қамту жоспарда тұр. Қазіргі таңда Сәуле шағынауданы 276 орамдағы 350 абонентті сапалы электр қуатына қосу жұмыстары жалғасып, аяқталуға жақын қалды.
Жыл жылжыған сайын ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді. 2017 жылы аудан бюджеті 1,3 млрд теңге болса, қазіргі таңда бюджет қаражаты 32,5 млрд теңгеге дейін артқан. Әрине қазына қазаны қаражатпен еселенсе, есесіне коммуналдық-инфрақұрылымдық жұмыстарға бөлінетін қаржы көлемі де арта түсетіні анық.
Айталық, ауыз суға бес жыл алдын 70 млн. теңге қарастырылса, бүгінде қазынадан бөлінген қаражат 150 млн. теңгеден асып түсті. Сол секілді жол саласының бюджеттік шығыны 2017 жылы 260 млн теңге болса, қазіргі таңда 14 млрд теңгені құрап отыр. Яғни жолға бағытталған қаржы 50 есеге артқан. Бұл жоғарғы көрсеткіш. Алдағы уақытта да ауданда инфрақұрылымға қатысты мәселе қалмайтын болады.
Күні кеше Әл-Фараби ауданына қарасты Текесу елді мекенінде су құбырларын тарту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді мемлекеттік ауыз су құбырына қосу, яғни абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған аумақ бойынша 13,5 шақырым су құбыры тартылды.
Текесу елді мекенінің тұрғындары сапалы ауыз су тарту мәселесін алға тартып қала әкіміне бірнеше рет өтініш айтқан болатын. Енді міне тұрғындардың өтініші қанағаттандырылды.
Айта кетейік, тұрғындар орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылу үшін мемлекет тарапынан тасталған құбырдан үй ауласына қосу жұмыстарын өздері жүргізу қажет.
Сонымен қатар, жеке есеп шот ашу үшін меншік иесі, мемлекетті жер АКТ-і, жеке куәлік көшірмесін «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-ге өткізу керек.
Абоненттеу жұмысы толық аяқталған соң Текесу елді мекеніндегі 200 отбасы сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Биыл қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында барлығы 7 нысанның құрылысы жүргізілді. 2022 жылдың қорытындысымен Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, көрсеткішті 98% –дан – 99 пайызға жеткізу жоспарланған. 2023 жылы қала тұрғындары 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады деп жоспарлануда.