Тұрғындардың өтініші бойынша жүзеге асырылды

22

Шымкент қаласының әкімі шаһарға қарасты Өтеміс және Базарқақпа елдімекендеріне барып, жөндеуден өтіп жатқан жолдардың құрылыс сапасын тексерді. Қаратау ауданы аумағында орналасқан Өтеміс тұрғын алабында ағымдағы жылы ұзындығы 5,1 шақырымды қамтитын 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Бүгінде Өжен, Ақкөл және Мұрат көшелерінің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.

Ал ұзындығы 3,1 шақырым, ені 6 метрді құрайтын КХ-42 көшесінде жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда асфальт жабындысының 2-қабатын төсеу жұмыстары атқарылуда. Орташа жөндеу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Жаңбыр, қар жауса лай батпаққа айналатын көшеге жөндеу жүргізілгені жақсы болды деп бұған тұрғындар қуанулы.
Аталған аумақ тұрғындары қала әкімдігіне көшелерді жөндеп беруге өтініш жасаған болатын. Өтініштері жерде қалған жоқ. Дер кезінде жүзеге асырылды.
«Сапаға жұмыс істеуіміз керек. Берілген ескертулерді дер кезінде жойып, қателікке қайта жол бермеу керек» – деп ескертті Мұрат Дүйсенбекұлы жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне.
Бұдан соң, Шымшаһар басшысы М.Әйтенов Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы темір көпірдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Демеуші азамат Сайрам су өзені үстінен ұзындығы 43 метр, ені 5 метр болатын аспалы көпір салып берді.  Қазіргі уақытта көпір құрылысымен қоса транспорт басқармасы тарапынан көпірге дейінгі ұзындығы 400 метр, ені 6 метр болатын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды.
Айтып өтейік, Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы ағаш көпір 1986 жылы салынған. Су шайып кеткен соң 1994 жылы ауыл тұрғындары өз есебінен адамдардың жаяу өтуі үшін қайтадан темір көпір салып, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізіп келген.