Түркістанда кабель және керамика өнімдерін шығаратын зауыт салынуы мүмкін

61

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Sembol Construction» компаниясының өкілі Октай Горгулмен кездесті. Аталған компания рухани астанаға кезекті инвестициясын салып, ауқымды жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Күнгей өңірде кабель және керамикалық өнімдер мен сантехника шығаратын зауыт ашуға ниетті.

Түркиялық компания Түркістанда кабель мен керамика шығаратын зауыт салуға ниетті. Инвестор Октай Горгул рухани астананы аралап көріп, серіктестерімен бірге зерттей келе қалаға инвестиция саламын деп шешім қабылдапты. Сөзінше ұсынып отырған екі жобасы жүзеге асса, шаһар экономикасы жоғарылап, күнгей өңір ттұрғындарына бос жұмыс орындары ашылады.

Октай Горгул, «Sembol Construction» компаниясының қаржы жөніндегі Атқарушы Кеңесінің мүшесі: «Бірінші жобамыз – кабель шығаратын зауыт. Оның инвестициялық құны – 84 млн. АҚШ доллары. Жылына 12 мың тонна өнім шығарамыз деген жоспар бар. Екінші жоба – керамика өнімдері мен сантехника шығаратын зауыт. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 6 млн. шаршы метр. Инвестициялық құны – 150 млн. АҚШ доллары. Зауыт салу жұмыстарымен осы салада тәжірибесі бар түркиялық компаниялар айналысады».

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды да мұндай инвестициялық жобаларға әрқашан қолдау көрсететітін айтты. Әсіресе, түркиялық инвестор ұсынып отырған жоба өңір үшін маңызды. Сондықтан өңір басшысы жобаларды іске асыруға арналған инфрақұрылым бойынша сұраныстарды толық орындаймыз деп отыр.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Арнайы экономикалық аймақтан жер, инфрақұрылым ұсынамыз. Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының Түркістан облысының дамуында ерекше маңызы бар екенін атап өткім келеді.Әріптестігіміз нығайып, жобалар жүзеге асады деп сенемін».

Облыс әкімі зауыттарды салу үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Түркиялық инвесторларға бұл мәселені тағы да пысықтап, арнайы шарттарды бекітіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.