Түркістан қаласындағы №21 Мырзахан Пошанов атындағы білім ұясында спорт мектептерінен кем түспейтін таэквондо үйірмесі жұмыс істейді. Балаларды апта бойы түрлі деңгейдегі додаларға дайындайтын үйірме 16 жылдан бері оқушыларды спортқа баулып келеді.
№21 мектеп ұжымы тек спортта ғана емес, білім мен өнерде де бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуді басты назарға алған. Білім ошағында балалардың қауіпсіздігі алдыңғы орынға қойылған.
Спортты өмірлік серік еткен Мұхтар Баймаханов Түркістан қаласындағы №21 Мырзахан Пошанов атындағы жалпы орта мектепте спорттың таэквонда түрінен жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ол 16 жылдан бері балаларды спортқа баулып келеді. Мектеп ашылғалы бері жұмыс істеп тұрған үйірме талай спорт саңлақтарын дайындап шығарған. Олардың қатарында есімі әлемге әйгілі спортшылар да бар.
Мұхтар Баймаханов, бапкер: «Бізде SS группа деген болады. УТГ группа деген бар. Менде негізі 10 бала болуы керек еді, бірақ қазір 16-20 балаға дейін бар. Өйткені резервтер бар. Күніне 2 мезгіл жаттығу болады. Балалардың қызығушылығы өте жоғары. Баланы қалай өсірсең, солай кетеді ғой. Сол себепті осындай үйірмелерді көбейткен дұрыс деп ойлаймын».
Сонымен қатар, оқушылардың өнер мен білімде шыңдалуы үшін мектеп қабырғасында түрлі апталықтар мен іс-шаралар өткізіледі. Ал білім ұясында балалар қауіпсіздігі басты назарға қойылған. Мектептегі ең маңызды әрі балалар көп шоғырланатын орындар бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
«Мектебімізде «Қауіпсіз мектеп» бойынша жұмыстар атқарылған. Мектеп фойелері, сонымен қатар асхана, спорт зал, акт зал мен кітапханада арнайы қауәпсіздік камералары қойылған. Яғни оқушылардың осында қауіпсіз білім алуына барлық жағдай жасалып отыр», дейді Түркістан қаласы №21 М. Пошанов атындағы жалпы орта мектебі КММ директоры м.у.а. Жалғасбек Тұрымбетов.
Жалпы мектепте оқушылар үшін барлық жағдай жасалған деуге толық негіз бар. 2020 жылдан бері білім ұясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті сынып жұмыс істейді. Онда 12 бала екі ауысымда бірнеше сағат бойы арнайы білім алады.