Жастарды спортқа баулу бағытында жұмыстар атқарылуда

208

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында еліміздегі денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын ұстану мәселесін де айтып өтті. «Еліміздің басты құндылығы – Адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген болатын.

Осыған орай бүгінде Шымкент қаласында салауатты өмір салтын ұстану бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Одан бөлек, жастарды спортқа баулу мақсатында бұқаралық спортты дамыту бағытында да жұмыстар атқарылуда.

Күні кеше Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері Жастар ресурстық орталығымен бірге нашақорлықтың және АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мақсатында кездесу өткізді. Аталған іс-шараның мақсаты – нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды спортқа баулу болып табылады.
Басқосуға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Серғали-Түркістан РҚБ жоба үйлестірушісі Ержан Әбуталиев, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының» алдын алу бөлімінің мұғалімі Назира Жургенбаева, ШЖҚ Психикалық денсаулық орталығының нарколог-дәрігері Нуршат Тулебаева, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Ерлан Нурбаев, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы, Қазақстан Республикасының 2 дүркін чемпионы Бексултан Алжанов пен Тастан Үсенбай, Жастар ресурстық орталығының маманы Айжарқын Қалмурзаева және Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің студенттері қатысты.
Кездесу барысында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берді. Сонымен қатар, сала мамандары жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Шара барысында сала мамандары нашақорлық індеті жер бетінде миллиондаған адамның өмірін жалмап жатқанын және аталған індеттің шекараны, жасты, нәсілді талғамайтынына тоқталды. Сонымен қатар, есірткіден бойды аулақ салудың маңызын, салауатты өмір сүру салтын ұстанудың маңызды екендігін жеткізді.