Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінде технологиялық ақау болған өңірлерді атады. Ресми мәліметке сәйкес, жылыту маусымы басталғалы бері республика бойынша он өңірде 26 технологиялық ақау болған.
Олар:
автономды қазандықтарда – 2 (Ақмола және Алматы облыстарында);
жылумен жабдықтау желілерінде – 11 (Жетісу – 1, Қарағанды – 7, Павлодар – 1, Астана-1, Алматы-1);
сумен жабдықтау желілерінде – 13 (Абай – 1, Ақмола – 2, Алматы – 1, ШҚО – 1, БҚО – 1, Қарағанды – 1, Павлодар – 1, СҚО – 2, Ұлытау – 1, Астана-2).
Соңғы жеті жылдың ішінде әр түрлі қаржыландыру көздерінен жылу жүйелерінің құрылысына, реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарына 344 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 3 667 шақырым инженерлік желі салынып, қайта жаңартылды. Осылайша олардың жалпы тозу деңгейі 65 проценттен 53-ке дейін төмендеді. 2022 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 51 процентке түседі деген жоспар бар.
Ал тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы бойынша 2026 жылға қарай жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу көрсеткішін 45 пайызға дейін азайту көзделген.