19 жастағы азамат қарызынан құтылу үшін әкесін өлтірмек болды

46

Қарызы үшін әкесін өлтірмек болды. Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны миллион теңге несиесін жабамын деп қылмыс жасауға бел буған. Қатал әкесінен қорыққан жұмыссыз азамат оны өлтіріп, бір отар қойына иелік етуді көздеген. Және бұл қылмысқа достарын да итермелеген.

19 жастағы Төлеби ауданының тұрғыны қарызын өтеу үшін достарымен бірге әкесін пышақтаған. Ер адамның түпкі мақсаты әкесінің қойын сатып несиесін жабу болған. Жұмыс істемейтін ол әр түрлі тауар алып миллион теңге қарызға кірген және оны қатал әкесіне айтудан қорқып, осындай әрекетке барыпты.

Әсет Серікбаев, Түркісбан облыстық сотының баспасөз хатшысы: «Сотталушы Есеннің әкесі 1979 ж.т. әкесі Кемелов қатал болғандықтан одан ақша сұрай алмаған және несиесін айтуға қорыққан. Содан несиеден құтылу және пайда табу мақсатында әкесін қасақана өлтіріп, мал шаруашылығын иемденуге қылмыстық ниеті туындаған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында алдын ала сөз байласқан таныстары Бақытжанұлы, Удербаев пен Тасыбай сотталушының тікелей тапсырысы бойынша әкесін қасақана өлтіру үшін жәбірленушінің үйіне келген. Содан қорада бір қой өлейін деп жатыр деген сылтаумен жәбірленушіні қора жаққа шақырып, есігін ашқан Кемеловтың денесіне ретсіз пышақ ұрған. Жәбірленуші өз өміріне қауіп төніп тұрғанын сезіп артқа шегініп, күрек сабымен қорғана бастаған. Нәтижесінде жәбірленушінің өміріне қауіпті белгісі бойынша денсаулыққа ауыр дәрежеде зиян келтірген».

Күдікті тіпті достарына қойды сатып, пайдасын бөліп беремін деп уәдет еткен көрінеді. Бүгінде атышулы оқиғаға қатысты 4 айыпталушы анықталды. Оның бірі кәмелетке толмаған. Сот отырысында олар өз кіналарын мойындап, бас бостандығынан айыруға қатысты жаза тағайындамауды өтінген.

Әсет Серікбаев, Түркісбан облыстық сотының баспасөз хатшысы: «Жасалған әрекеттердің қоғамдық қауіптілігін және сотталушылардың жеке басын ескере отырып, нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды: Қазақстан Республикасының қылмыстық Кодексінің 28-бабы 2-бөлігі 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі 7), 8) тармақтарымен сотталушылар Есен, Бақытжанұлы, Удербаевқа 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал сотталушы Тасыбайға 5 жыл 7 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сотталушылардың тағайндалған жазалары қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеуді белгілеген».

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және оқиға болған жерді қарау нәтижесінде толық дәлелденді. Әзірге кәмелетке толмаған жасөспірімнің үкімі заңды күшіне енген жоқ, ал қалған 3 сотталушы енді сот шешімін өзгерте алмайды.