ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдер мен әлеуметтік қызметтер проактивті форматта көрсетілетінін жеткізді.
Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік қызметті проактивті форматқа өзгерту үшін «Отбасының цифрлық картасы» өте маңызды екенін атап өтті. Ол цифрлық карта 1 қаңтардан бастап бүкіл өңірде жұмыс істей ме деп сұрады.
«1 қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау саласына қатысты барлық төлем мен әлеуметтік қызметтер проактивті форматта жүргізіле бастайды. Бірақ басқа мемлекеттік органдардың ақпарат жүйесіндегі деректер арқылы көрсетілетін қызметтер интеграциядан кейін кезең-кезеңмен беріледі. Мысалы, соттың шешіміне байланысты көрсетілетін қызметтер, шетелден келген азаматтарға берілетін қызметтер», — деп жауап берді Дүйсенова үкімет отырысында.
Смайылов «Отбасының цифрлық картасының» пилоттық нұсқасы қыркүйектен бері бірқатар қызмет бойынша жұмыс істеп тұрғанын және қазірдің өзінде тиімділігін көрсеткенін атап өтті.
«Әлеуметтік қолдау алу қажеттілігі Цифрлық карта аясында ақпараттық жүйе арқылы айқындалады. Яғни, азаматтар тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттің қолдауына ие болады. Мемлекет бұл қажеттілікті өзі анықтайды және барлық рәсімді автоматты түрде жүргізеді», — деді Премьер-министр.