Ел аумағындағы жылу электр орталықтарының жай-күйі туралы талдау жарияланды

32

Энергетика министрі Болат Ақшолақов президенттің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссияның жылу электр орталықтарының (ЖЭО) техникалық жай-күйі бойынша талдауын жариялады.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде барлығы 37 жылу электр орталығы жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде қызыл аймақта – 19, сары аймақта – 11 және жасыл аймақта – 7 ЖЭО тұр. Жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтарға бөлу анықтау кезінде төрт өлшемшарт ескерілді: жабдықтың тозуы, технологиялық ақаулар, пайдалану мерзімі және кадр жетіспеушілігі.
«ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66%-ды құрайды. Бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларының жылу электр орталықтарының тозуы 80%-дан асады. Қызыл аймақтағы ЖЭО үшін келесі күзгі-қысқы жылыту маусымынан өту кезінде тәуекелдерді азайту үшін негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту көлемі айқындалды. Бенчмаркинг аясында жүргізілген алдын ала есептеулер бойынша аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге қаржыландыру қажет», — деді Ақшолақов үкімет отырысында.
Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескеріп, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген қаражат 93 млрд теңгені құрайды.