Ерекше бүлдіршіндерге арналған естен кетпес кеш өткізілді

91

Шымкентте жаңа жыл қарсаңында ерекше балалардың арманы орындалды. «1001 арман» деп аталған мерекелік шараға қаламыздағы үйден оқыту бағдарламасы бойынша білім алатын 300-ге жуық бала қатысты. Салтанатты жиында Аяз ата мен Ақшақар, ертегі кейіпкерлері түрлі қойылымдар көрсетіп, бүлдіршіндерге естен кептес ерекше мейрам сыйлады.

Шымкентте 10 мыңға тарта айырықша білімді қажет ететін оқушы бар. Ал қала тұрғыны Гүлмира Үсенбекова екі ерекше бала тәрбиелеп отыр. Ол мұндай шаралар баланың қоғамдық ортаға бейімделіп, жаңа дүниені тануына көмектеседі дейді. Аяулы ана баласы көппен бірге отырып, көңілді кешті тамашалап, мәз мейрам күйге енгеніне қуанышты.

Гүлмира Үсенбекова, Ерекше балалардың ата-аналары одағының Шымкент қалалық филиалы төрайымы: «Біздің балаларымыз мереке болады дегеннен қуанып, асыға күтті. Қатты куанып жүр. Білесіздер баланың қуанғаны анаға да қуаныш. Үлкендерге бұл жәй шырша болса, бұл балаларға үлкен мейрам. Балалардың 70 пайызы үйден шықпай оқиды. Сондықтан бұл кеш балаларға 1 жылдық әсерді береді»

Қайырымды жандардың қолдауымен ұйымдастырылған шараға 300-ге тарта бүлдіршін қатысты. Оларға аниматорлар, түрлі ертегі кейіпкерлері, сайқымазақтар өнерін көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Жанна Утесинова, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығының директоры: «Бүгінгі іс-шараның мақсаты – балалардың көңіл күйін көтеру. Жаңа жылда әрбір бала мақсатқа жету үшін армандайды. Осында Аяз атаны көріп, өзінің арманын айту».


«1001 арман» жаңа жылдық кешінде ерекше балалар жыл иесі Қоянды ортаға алып, би билеп, ән шырқады. Ал балақайларға шара ұйымдастырушылары тәтті сыйлықтар тарту етіп, қуынышқа бөледі.