Германияда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

150

Премьер-министрдің орынбасары әрі сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған делегация Майндағы Франкфурт қаласында немістің қаржы саласының өкілдерімен кездесті. Басқосудың бірі әлемдегі ең ірі биржалық ұйымдар қатарына жататын Дойче бёрзеде өтті.

Оған Франкфурттың қор биржасы секілді қаржы институттары кіреді. Кездесуде Мұхтар Тілеуберді мен неміс биржасы басқармасының төрағасы екі елдің арасындағы серіктестестік мәселесін талқылады.

Қайрат Келімбетов, АХҚО басқарушысы: «Дойче бёрзе өкілдері біздің халықаралық қаржы орталығымызбен ынтымақтастық орнатуға ниет танытып отыр. Келер жылға жоспар көп. Неміс компанияларын ТМД-ның кейбір елдерінен Қазақстанға ауыстыру мүмкіндігі талқыланды. Климаттың өзгеруі саласындағы жобаларды қаржыландыру секілді мәселелер де көтерілді. Германияның қаржы институттары бұған қызығушылық танытып отыр».

Диалог іскерлік түскі асқа жалғасты. Оған Германияның ірі банктерінің өкілдері, жетекші инвесторлар, концерн иелері ме қаржы саласындағы сарапшылар келген. Біздің делегация қонақтарға Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы баяндады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы да айтылды. Немістер бұл алаңның инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, ынтымақтастық орнатуға ниетті екендерін жеткізді. Ал Қазақстан делегациясы шетелдік инвесторлар, банкирлер мен кәсіпкерлерді маусымның басында Астанада өтетін бизнес форумға шақырды.

Клаус Мангольд, қаржы саласының сарапшысы:»Қазір мүмкіндіктер заманы. Бәрі тез өзгеріп жатыр. Бұл орайда Қазақстанның әлеуеті зор екенін айту керек. Келіссөздер сәтті өтті. Астана халықаралық қаржы орталығымен бірге жұмыс істеудің мүмкіндігі мол екеніне көзіміз жетті. Бүкіл Орталық Азия өңірі үшін маңызды алаң халықаралық серіктестік нәтижесінде қарқынды дамып келеді».