«Кибер-шериф», дрон арқылы жол ережесін бұзушылар анықталуда

33

Түркістан облысының полицейлері жолдарда орын алатын оқыс жайттардың салдарынан адамдардың қаза тауып, жарақат алуына, яғни жол-көлік оқиғаларына тосқауыл қою мақсатында, жан-жақты жұмыстар жүргізуде.

Мұндай соңы өкінішпен ұласатын жағдайлар көбінесе жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан болады. Шынында бейнебақылау камералары мен полицейлер тұрған жерде жол қозғалысы ережесін сақтайтын жүргізушілер, бақылау жоқ жерде жол ережесін өрескел бұзады. Салдарынан өзінің және өзгенің көлігіне, тіпті өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері жол ережесін бұзатын жүргізушілерді анықтауда соңғы үлгідегі қызметтік көлік «Кибер-шериф» пен дрон құрылғысын пайдалануда.
Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Асылхан Төреханов: «Дрон құрылғысы белгіленген радиуста ұшу арқылы басқа көліктерге қауіп келтірген, басып озған және маневр жасаған темір тұлпарларды анықтауға, фиксация жасауға көмектеседі. Ал «Кибер-шериф» көлігінің өзінде 7 камера орнатылған.
Сол арқылы жылдамдықты шамадан тыс асырған жүргізушілер анықталып, жауапқа тартылуда. Мәселен осы бағыттағы рейд Жетісай ауданында жүзеге асырылды. Нәтижесінде «Кибер-шериф» арқылы 362 жайт, дрон арқылы 10 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Айыптұраққа 30-дан астам көлік қойылды. Бұдан өзге 752 хаттама толтырылды»,-деп атап өтті.