Мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдауға қаржы тапшылығы жоқ

63

 

Бүгінде БАҚ және әлеуметтік желілерде Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тасымалдау қызметін көрсету бойынша қиындықтар туындағаны туралы шындыққа жанаспайтын ақпараттар тарап жатыр.

Осыған байланысты Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы нақты мәліметтерді келтіре отырып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді.

Басқарманың дерегі бойынша, Шымкентте мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау әлеуметтік және инватакси қызметі болып екіге бөлінеді.

Соның ішінде биыл Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мемлекеттік сатып алу шеңберінде «Бота-Туркестан» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігімен келісімшарт жасаған. Бұл келісімшартқа сәйкес, қоғамдық бірлестік тірек-қимыл аппараттары бұзылған бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар ересек адамдар мен балаларды тасымалдау үшін әлеуметтiк такси қызметін көрсетуі тиіс.

Бұл мақсатқа 2022 жылы жергілікті бюджеттен 117 млн.теңге қаржы қаралған. Осы қаржының есебінен Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, жүріп тұру қиын бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар 16 жасқа дейінгі балалар такси қызметін тегін пайдаланып отыр.

Жыл басынан бері әлеуметтік такси қызметін алу үшін мүгедектігі бар 769 ересек адам мен баланың қорғаншылары өтініш білдірген.

Мемлекеттік сатып алу келісімшартына сәйкес әлеуметтік такси қызметін 43 автокөлік көрсетуі тиіс. Олардың әрқайсысына 60 АЕК-тен баға белгіленген.

Алайда, 2022 жылы азаматтар тарапынан әлеуметтік такси қызметіне өтінімдер көбейген. Осыған байланысты әлеуметтік такси саны қосымша 10 машинаға ұлғайтылған.

Ал, инватакси қызметі бойынша басқарма «Шымкент қаласындағы қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігімен келісімшарт жасасқан.

Жыл басынан бері Шымкентте инватакси қызметін мүгедектігі бар 589 ересек адам мен бала пайдаланыпты. Бұл мақсатқа бюджеттен 106 млн.теңге бөлініп, 18 машина қызмет көрсеткен.

Алайда өтінімдердің көбеюіне байланысты қыркүйек айынан бастап 10 автокөлік қосылып, инватаксидің саны 28-ге жеткен.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы әлеуметтік және инватакси қызмет көрсететін қоғамдық бірлестіктерге 2022 жылдың қазан, қараша айларына келісімшарт бойынша қажетті қаражатты төлеген. Жыл соңына дейін әлеуметтік такси қызметі кідіріссіз көрсетіледі.